Елімізге Pfizer вакцинасы қашан жеткізіледі?
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Pfizer вакцинасының қашан жеткізілетіні туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Қазіргі кезде Қазақстанда коронавирусқа қарсы үш вакцинаға қолжетімдік қамтамасыз етілген. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылдың төртінші тоқсанында Pfizer-ді жеткізу ескерілген. Мұнымен қоса, өзінің тиімділігі бойынша шетелдік екпелерден кем емес отандық вакцинаға қолдау жасайтын боламыз", – деді Ералы Тоғжанов Үкіметтегі онлайн баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ вице-премьер Қазақстанда отандық вакцинаны өндіруге екі өндірістік алаң дайындалғанын айтты.
"Өткен айда QazVac 650 мың доза көлемінде, ал осы айда 750 мың дозаны жеткізу жоспарланған. Екі өндіріс алаң даярланды. Жамбыл облысында биофармацевтикалық зауытының толық дайындығы қамтамасыз етілді, "Антиген" кәсіпорны базасында QazVac вакциналарының толық циклімен Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының екінші өндірістік алаңы іске қосылды", – деді ол.