Елімізде лауазымды қызметкерлер бірінен соң бірі не себепті орнын босатып жатыр: Саясаттанушы түсіндірді
Еліміздегі жаппай ауыс-түйістерге байланысты отандық саясаткерлер мен шетелдік сарапшылар түрлі пікір білдіріп жатыр. Осы жағдайға байланысты депутат Ерлан Саиров пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Айта кетсек, жақында Қайрат Шәріпбаев пен Димаш Досанов “QazaqGaz” және "ҚазТрансОйл" ұлттық компаниялардағы қызметтерінен кеткен. Сондай-ақ Тимур Құлыбаев "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы қызметінен босатылды.
Бұнымен қатар Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің бірінші орынбасары Самат Әбіш те лауазымынан кеткен.
“Қазақстанда митингіге шыққан халықтың өзіндік талаптары болды. Сол талаптардың ішінде, әсіресе квазимемлекеттік сектордың ішіндегі олигархтық топтарға әсер ету, оларды ауыздықтау бар болатын. Менің ойымша бұл жердегі ой олигархиялық топтардың экономикалық, қаржылық басқа да мүдделерін тоқтату мәселесі”, – дейді Ерлан Саиров.
Сонымен қатар ол өңірлердегі ҰҚК басшыларының ауысуы жайында да айта кетті.
“Трагедия кезінде Алматыда келеңсіз жағдайлар көп болды. Мысалы ҰҚК қызметкерлері ғимаратын ешқандай бұйрықсыз тастап кеткен. Бұл өте өкінішті мәселе. Әлі де зерттеп-зерделеу қажет. Сондай-ақ содырлар әуежайға келердің алдында жоғары машықтанған күзет қызметкерлері болған дейді. Олардың лаңкестерді ішке кіргізбеуге шама-шарқы жеткен. Бірақ жарты сағат бұрын белгісіз біреулер бұйрық беріп, күзет қызметкерлері әуежайды тастап кетіп қалған. Бұның барлығы белгілі бір жоспардың болғандығын көрсетіп отыр. Сондықтан әрине құқық қорғау органдарын оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитетін әлі де тазалау керек. Шынын айту керек 5-нен 6-сына қараған түні президент Қасым-Жомарт Тоқаев батыл әрі нақты шешім қабылдамағанда Қазақстан өзінің территориясынан айырылып қалудың алдында тұрған. Бізге қазір ең маңыздысы Қазақстанның территориялық аумағын сақтау”, – дейді депутат.
Айт кетсек, Алматы қанға боялған түні, яғни, қаңтардың 5-інен 6-сына қараған түні Мемлекет басшысы сол кездегі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовты қызметінен босатты. Ертеңінде-ақ, Мәсімов пен оның екі орынбасары - Ерғожин мен Садықұлов "мемлекетке опасыздық жасады" деген айыппен ұсталды.
Мәсімов қазір "билікті күшпен басып алуға әрекет жасады, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды" деген айыппен де тергеліп жатыр.
Ал, бүгінге дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірінші орынбасары болып келген Самат Әбіш Президенттің өкімімен қызметінен босатылды. 2010-жылдан бастап Ұлттық Қауіпсіздік комитетінде жұмыс істеген Самат Әбіш 2013-жылдан бастап төраға орынбасары, кейіннен, бірінші орынбасары болып қызмет атқарған.
Тек орталықта ғана емес, Алматы қаласы, Қызылорда мен Қостанай облысының ұлттық қауіпсіздігін басқарған басшылар да орындарын босатты.