Елімізде қосылған құн салығының өсуі бизнес өкілдеріне қалай әсер етеді – Ұлттық экономика министрі жауап берді
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қосылған құн салығының өсуіне байланысты кәсіпкерлердің жағдайы қалай өзгеретінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанда қосылған құн салығын 2025 жылға қарай төрт пайызға арттыру жоспарланып отыр.
Мәжілісте мұның бизнес өкілдеріне әсерін сұрады.
"Қорықпаңыздар. Біз мұны талдадық. Салық 20 пайыздан 12 пайызға дейін төмендеген кезде көлеңкелі экономика төмендеген жоқ. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде қосылған құн салығы 20 пайыз, ал көлеңкелі экономика шамамен біздікіндей. Ресейде ҚҚС 18 пайыздан 20 пайызға дейін өсті, бірақ олардың инфляциясы, керісінше, төмендеді. Яғни бұл жақсы нәтиже берді. Олар өз ауыл шаруашылығын қолға алып, қазір белсенді дамып келеді", – деді Қуантыров.
Министр қосылған құн салығы өсуіне байланысты инфляцияның өсуіне әкелетінін айтты.
"Инфляция 2025 жылы ғана бір пайыздай өзгереді. Ал 2025 жылға қарай инфляция біздегі тарифтік саясатты қоса алғанда, 5-6 пайыз шегінде болуы мүмкін. Сондықтан экономика бұл арқылы бірқалыпты өтеді, біз құн салығын екі есеге көтермейміз, тек төрт пайызға ғана", – деді министр.
Еске сала кетейік, қыркүйек айында ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмірин Қазақстанда қосылған құн салығын 12 пайыздан 16 пайызға дейін ұлғайту мәселесі талқыланып жатқанын айтты. Оның айтуынша, бұл бюджетке 2-2, 4 триллион теңге қосымша пайда әкеледі.