Елімізде босандыру, нәресте күтіміне байланысты медициналық қызметтер бағасы өсті
Денсаулық сақтау министрлігі перзентханаларда медициналық көмектің сапасын жақсарту мақсатында босандыру және неонатология саласында қызметтер көрсетуге арналған тарифтерді қайта қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
1 маусымнан бастап кесарь тілігін қоса алғанда, күрделі босануға арналған тарифтер 60%, ал жаңа туған нәрестелерге күтім жасау 35% ұлғайды. Бұл медициналық қызметтердің тізбесі мен сапасын кеңейтуге және білікті мамандарды тартуға мүмкіндік береді.
Кейінгі жылдары тарифтер медициналық ұйымдардың босанатын әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге күтім жасауға байланысты шығыстарын өтемеді. Босандырумен айналысатын медициналық ұйымдарды жеткіліксіз қаржыландыру олардың соңғы бірнеше жылда қалыптасқан кредиторлық берешегінің негізгі себептерінің біріне айналды.
“Тарифтерді қайта есептеу кезінде медициналық мекемелердің пациенттерге қызмет көрсету кезінде көтеретін нақты шығындары ескерілді. Қабылданған шаралар медициналық ұйымдарға қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде халық үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсартады. Ал перзентханаларда болу ана мен бала үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз болады”, – делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстандағы әр отбасы қолжетімді және сапалы медициналық көмекке сене алатындай денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруді жалғастырады. Осы мақсатта 2024 жылғы 1 маусымынан бастап балалар неврологиясы, балалар аллергологиясы, ревматология бойынша медициналық көмек көрсететін ұйымдар үшін тарифтердің мөлшері артты.