Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде әскерилерге ақшалай төлемді бұйрықпен шектеу заңға қайшы деп танылды

Конституциялық сот әскери қызметкерлердің жалақысын бұйрықпен шектеу Қазақстан Конституциясына сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: freepik

Конституциялық сот азаматтың өтініші бойынша мына заңдардың: 

  • “Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы” Заңның 21-бабының 5-тармағы 3) тармақшасын;
  • Қазақстан президентінің 2006 жылы 25 мамырдағы № 124 жарлығымен бекітілген Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда әскери қызмет өткеру қағидаларының 64-тармағын;
  • Қорғаныс министрінің 2017 жылы 2 маусымдағы № 255 бұйрығымен бекітілген Қарулы Күштердің әскери қызметшілеріне ақшалай ризық, жәрдемақы мен басқа да төлем төлеу қағидаларының 26-тармағы мен 30-тармағының екінші бөлігін тексерді.

Әскери қызметкер қандай өтінішпен жүгінді: 

Өтініш беруші басшылыққа әскери қызметтегі жағдайдың шекті жасының келуіне байланысты Әскери қызмет туралы заң негізінде еңбек сіңірген жылдары бойынша жұмыстан босату туралы өтінішпен екі рет жүгінген. Алайда, оған қатысты қылмыстық іс жүргізілуіне байланысты ол тергеу аяқталғанға дейін бөлім командирінің қарамағына алынған. Кейін теріс себептермен жұмыстан шығарылған.

Ол бөлім командирінің қарамағында болған кезеңде басқа ақылы қызметпен айналысуға құқығы болмаған. Сондай-ақ бұйрықпен бекітілген қағидалар негізінде оған ақшалай ризық төленбеген.

Өтініш берушінің пікірінше, аталған нормалар бөлім командирінің қарамағында болған кезеңде оның еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін және жалақысын алуға, конституциялық құқықтарына нұқсан келтіреді.

Осылайша Конституциялық сот “Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы” заңға сәйкес ең шекті жасқа жеткен әскери қызметшіге әскери қызмет мерзімін ұзарту тек оның баянаты негізінде немесе жұмылдыру, әскери жағдай немесе соғыс уақытында ғана мүмкін болатынын хабарлаған.

“Әскери қызметте болудың шекті жасын ұлғайту және әскери қызмет мерзімін ұзарту үшін өзге негіздер заңда көзделмеген. Конституциялық сот әскери қызметшілерге әскери қызметті лауазымдық қызметтерден тыс кезеңде өткерген уақытта ақшалай қамтамасыз ету төлемдерін Қорғаныс министрлігінің бұйрығы деңгейінде шектеу Конституцияға сай емес деп шешім қабылдады. Конституция еңбек ақы төлеу құқығын, ең төменгі жалақы, зейнетақы, заңды негіздермен әлеуметтік қамтамасыз ету кепілдіктерін және құқықтарды тек заңдармен шектеуді қарастырады", – делінген сот хабарламасында,

Талқылау