Елімізде алты айда 302 адам банкрот деп танылды
Алты айда қанша қазақстандық банкрот мәртебесін алғаны белгілі болды. Мұны 5 қыркүйекте "Бірінші кредиттік бюро" ЖШС мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жеке тұлғалардың соттан тыс банкроттыққа өтініштерін қабылдау 2023 жылдың 3 наурызында басталды. Жарты жылдан соң 4 қыркүйекте банкрот мәртебесін алғашқы 302 қазақстандық алды.
"Қазір банкрот жариялауға өтініш бергендер бойынша жалпы берешек сомасы – шамамен 708,5 млн теңге. Бір адамға орта есеппен 2,3 млн теңгеден сәл көп", – делінген хабарламада.
Берешектің ең жоғары сомасы – 106,5 млн теңге, ал ең төмен сомасы – 48,5 мың теңге.
Ең көп банкрот – Алматыда. 51 алматылық банкрот жариялады. Қарағанды облысында 34 және Алматы облысында 24 адам.
Республиканың барлық аймағында банкроттар бар. Ең аз банкрот СҚО-да, үш-ақ адам және ШҚО бойынша төрт адам.
Берешектің ең жоғары орташа сомасы – сегіз миллион теңге, Батыс Қазақстан облысында.
Берешектің ең төменгі орташа сомасы – Түркістан (883 мың теңге) және Абай (999 мың теңге) облыстарында.
Банкрот мәртебесін алған ең үлкен қазақстандық 64 жаста. Ең жасы 23 жаста.
Барлығы соттан тыс банкроттыққа 64,6 мың өтініш берілді. 51,4 мың адамға бас тартылды.