Жанармай құю бекетінде дизель қатып қалған: Елдің солтүстігінде температура 38 градусқа дейін төмендеді
Елдің солтүстігінде температура 38 градусқа дейін төмендеді. Ауа райының күрт бұзылуы коммуналдық қызметтердің істен шығып, жанармай құю бекетіндегі пистолеттер қатып қалған. Ал полицейлер өмірін сақтап қалу үшін баспанасыздарды іздеп жатыр. Тәртіп сақшылары қаңғыбастар мекен етуі мүмкін жылу магистральдарын, құдықтарды, тұрғын үйлердің жертөлелері мен шатырларын, салынып жатқан және қараусыз қалған ғимараттарды тексеруде. Олар баспанасыздарды тапса, полиция басқармасының қабылдау бөліміне жеткізеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро 31 арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан алынды
Соңғы үш күнде ол жерге 30-ға жуық баспанасыз адам жеткізілді.
"Оларға медициналық көмек көрсетіліп, құжаттары рәсімделеді. Бұл процедура жазатайым оқиғалар мен үсіктердің алдын алу үшін жүзеге асырылады", – деді Көкшетау қалалық ІІБ қабылдау бөлімінің бастығы Айбек Баймұратов.
Сондай-ақ еліміздің жеті облысында автобустар мен дизельді көліктерге жол жүруге тыйым салынды. Жол қозғалысына шектеулер 46 жол учаскесінде енгізілді.
"Qazaq Oil басшылығымен келіссөздер барысында бұл дизельдік отынның жазғы жанармай екені және оның -10 градус аязға төтеп беретіні анықталды. Алайда қазіргі таңда сыртқы температура -38 градусқа жеткен. Сондай-ақ жанар-жағармай құю станциясында -25 градусқа дейін температураға төтеп бере алатын дизельдік отын болған. Қазір барлығы қалыпты жұмыс істеп тұр", – деді Бурабай аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм басқармасының басшысы Сәбит Мұқан.
Синоптиктердің айтуынша, апта ішінде ауа температурасы біртіндеп төмендей береді. Түнде 40 градустан, күндіз 30 градусқа дейін жетуі ықтимал. Оңтүстік облыстарда да күн суытады. Ал Алматыда температура -20 градусқа дейін төмендейді.