Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан мен Қытай шекарасындағы бөгет жарылды: Елімізді су басу қаупі бар ма?

Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстан мен Қытай шекарасындағы бөгеттің бұзылуына қатысты түсінік берді. Министр Шығыс Қазақстан облысына барды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: sirens.com/ru
"Су ресурстары және ирригация министрлігінің мамандары қытайлық әріптестермен тұрақты байланыста. Қытай тарапы бізге трансшекаралық өзендер арқылы секундына 1400 текше метр су жіберілетінін хабарлады.

Елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Қара Ертіс өзеніндегі су ағыны бүгінде Боран өлшеу станциясы аумағында секундына 1700 текше метр, су деңгейі 543 сантиметр болып отыр", – деді министрлік өкілі Мөлдір Әбдуалиева.

Су ағынының деңгейін ескере отырып, Боран ауылындағы Қара Ертіс өзенінің гидрологиялық станциясында су деңгейі көтерілуі мүмкін. 

"Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысы "Қазводхоз" филиалы мамандарының жұмысы күшейтілген режімге көшірілді. Өскемен су қоймасынан (Бұқтырма су қоймасының қарсы реттегіші) ағызу секундына 500-ден 800 текше метрге дейін ұлғайтылды. Жағдай министрдің ерекше бақылауында. Ертең ол Шығыс Қазақстан облысына барады", – деді министрлік өкілі. 

Айта кетейік, алдын ала мәлімет бойынша, бөгет Қазақстан шекарасынан Қытай тарапына қарай 100 шақырым жерде жарылған.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданына қарасты Боран ауылындағы бақылау-өлшеу станциясында Қара Ертіс өзенінде су деңгейі 543 сантиметрге жетіп, шекті белгіден 18 сантиметрге асып кеткен. Осыған ұқсас жағдай 2013 және 2016 жылдары да байқалған. Шығыс Қазақстан әкімдігі облыстық төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, бірқатар алдын алу шараларын жүргізді.

Талқылау