Қазақстанда күнкөріс деңгейін 115 мың теңгеге көтеру ұсынылды
Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының мәжілістегі бір топ өкілі вице-премьер Тамара Дүйсеноваға елдегі күнкөріс деңгейін 115 мың теңгеге дейін көтеруді сұрап, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Фото: pro-food.su
Депутаттар келтірген деректерге сүйенсек, елдегі өмір сүру минимумының қазіргі деңгейі азық-түлік бағасына сәйкес келмейді.
Республика бойынша бағаға мониторинг жүргізген партия өкілдері статистика органдарының дұрыс мәлімет бермей отырғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, азық-түлік өнімдерінің ең аз жиынтығының 2175 ккал тәуліктік энергетикалық құндылығын қамтамасыз ететін 43 түрлі азық-түлік өнімдерінің себеті нормаға сай келмейді.
"Азық-түлік қоржынына 2175 ккал тәуліктік қуат беретін азық-түлік өнімдерінің 43 түрі енгізілген. Біз бұл санды сапасы жағынан өте аз, халықаралық стандарттарға, сондай-ақ қазақстандықтардың мәдени және дәстүрлі тамақтануына сәйкес келмейді, олардың денсаулығына қауіп төндіреді деп санаймыз”, – делінген депутаттық сауалда.
Депутаттар елдегі күнкөріс минимумын 115 710 теңгеге дейін көтеруді сұрады. Себебі биыл мамыр айының басында республика бойынша азық-түліктің орташа мөлшері олардың есептеуі бойынша 63 641 теңге болған.
Сонымен қатар депутаттар осы мәселені егжей-тегжейлі саралайтын арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды.
"Жоғарыда айтқанымыздай, мемлекетті әлеуметтік қорғауға жаңа көзқарас қажет. Сондықтан біз партия мамандарының қатысуымен халықаралық стандарттар мен ұлттық мәдени қажеттіліктерге жауап бере алатын азық-түлік қоржынын әзірлеуге арнайы жұмыс тобын құруды ұсынамыз", – делінген Асхат Рахымжанов, Нұрлан Әуесбаев, Ажар Сағындықова, Наурыз Сайлаубай жолдаған депутаттық сауалда.
Айта кетсек, Қазақстанда осы жылдың сәуір айында ең төменгі күнкөріс деңгейі айына 48 897 теңгені құраған.