"Кімге қарсы шығып тұрғаныңды білесің бе?!": Назарбаевтың құдасынан қысым көрген кәсіпкер Тоқаевтан көмек сұрады
Алматылық кәсіпкер Гүлмира Уәлиева Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасын алаяқтық жасады деп айыптады. Ол Әлия Назарбаеваның қайын атасы Ғабит Досановқа 1,3 млн доллар беріп, алданып қалғанын айтты. Алғашында екеуінің арасында жақын байланыс болғанын мойындаған әйел Досановты Назарбаевпен туыстық қатынасын пайдаланып, істің әділ тергелуіне кедергі болып отырғанын жеткізді. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанды дүр сілкіндірген қаңтар оқиғасынан кейін Елбасының туыстарына қатысты айыптаулар бірден көбейді. Ал Назарбаев әулеті бұл айыптауларға әлі күнге дейін жауап бермей келеді.
Бүгін 29 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында кәсіпкер Гүлмира Уәлиева журналистерді жинап, баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында Уәлиева елбасының құдасын 1,3 млн доллар қаражатты алаяқтық жолмен иеленіп алғаны туралы айтты.
"Алғашында түрлі сыйлықтар беріп, баурап алды"
Уәлиеваның айтуынша, Досанов екеуі Алматы қаласында танысқан. Алғашында жылы басталған қатынастары уақыт өте келе іскерлік бағытқа ауып кеткен.
"Бірінші кездесіп жүргенде Досановтың маған ұнағанын жасырмаймын. Себебі ол артымнан гүл жіберіп, кітаптар сыйлап, өзіне баурап алды. Бірақ мен оның отбасылы екенін білгендіктен өзіме қатты жақындатқым келмеді. Бірақ ол маған әйелімен жақында ажырасатынын айтып, сендірді", – дейді Уәлиева.
Сөзінше, әйеліммен уақыты келгенде ажырасамын деген Досанов қазір ол үшін Елбасының статусы маңызды екенін айтқан.
"Осылайша, ол менің сеніміме еніп алды десем болады. Кейін Ғабит Досанов мені кәсіпкер Тоқтар Сәдуақасовпен таныстырды. Ол маған серіктес болуды ұсынды. Мен олардың айтақанына көніп қалдым. Алғашқы транш ретінде 2015 жылдың 18 тамызында Ғабит Досановтың есепшотына 325 мың доллар аудардым. Шамамен осы уақыттың ішінде Сәдуақасовтың есепшотына да 275 мың доллар аудардым. 2016, 17, 18, 19 жылдары гипнозға түсіп қалғандай күйде болдым, осылайша Досанов пен Сәдуақасовтың барлық жаңа жобаларына ақша салдым. Маған олар жаңа жобаларына инвестиция салмасам, бұрын салған ақшаларымды жоғалтып алу қаупі барын айтты", – дейді кәсіпкер әйел.
Уәлиеваның айтуынша, ол Досановты мықты іскер азамат екен деп қалған.
"Ол маған барлық мәселені шешіп беретіндей көрінді. Астанадағы қай ғимаратқа келсек те оны жылы қарсы алып, ілтипат көрсететін. Алғашқы қаражатымды салған компания MMC Company деген құрылыс кәсіпорны болды. Досанов менің компанияның 9% иелік ететініме сендірді. Алайда мен ақша салған компаниялар 3-4 айдың ішінде жабылып қалды. Олардың қайнап жатқан жұмысы, дөңгеленген кәсіптерінің барлығы менің көз алдымдағы иллюзия секілді қалып кетті", - дейді ол.
"Қолыңнан келгенін істе!"
Гүлмира Уәлиева өз қаражаттарына бөлек Алматыдағы әкесінің үйінен де айрылып қалған. Ал әкесі мән-жайды түсіндіруді сұрап Досановқа хабарласқанда ол: "Болған іс болды", - деп, әкесінің нөмірін бұғаттап тастаған. Ал Уәлиеваға айтқан жауабы мүлдем дөрекі болған.
- "Ол үйленбей тұрып бай болған": Мәсімовтің Ресейде тұратын экс-күйеубаласы алданған ақшасын қайтара алмай, соттасып жүр
- "Казиноларды бұзып, мешіт пен медресе салу қажет": Қонаев болып өзгерген Қапшағай қаласы туралы арнайы репортаж
"Осы уақытта мен Досановты да, Сәдуақасовты да таппай қалдым. Досановқа хабарласқанымда, "Менің мазамды алма" деп жауап берді. Мен сотқа беретінімді айтқан едім, "Қолыңнан келгенін істе, сен бәрібір ешнәрсені дәлелдей алмайсың", - деді. Менің ойымша, олар барлығын алдын ала жоспарлаған. Өздерінің жауапқа тартылмайтынына, туысқандық қатынастарына қатты сенімді болған. Және қазіргі тергеу жұмыстарының нәтижесі олардың сенімдерін ақтады", – деп жеткізді Уәлиева.
Сөзінің дәлелі ретінде әйел Алматы полиция департаментінің басшысының орынбасары Рүстем Әбдірахмановпен болған диалогты келтіреді.
"Мен алғашқы арыздарымды жазып жүргенімде мені полиция департаментіне шақырды. Департаментке келгеннен кейін, бір қызметкер мені басқа ғимаратта орналасқан кабинетке алып келді. Ол жерде Әбдірахманов, тергеу бөлімінің бастығы мен тергеушілер отырды. Бөлмедегі әңгіменің барлығы Досановты қорғаумен өтті. Әбдірахманов маған "Кімге қарсы шығып тұрғаныңды білесің бе?" деп істі жауып тастайтынын айтты.
Бірақ мен әділдік іздеп жүргенімді айтып, істі соңына дейін жеткізетінімді түсіндірдім", – дейді Уәлиева.
Алайда қазір бұл іс жабылмаған. Адвокат Андрей Азбель істің негізсіз созбаққа салынып жатқанын сынайды.
"Адамды ақшалай пайда табасың деп қызықтырып, ақшасын алдап алып қойып отыр. Бұл нағыз алаяқтық. Біз осы уақытқа дейін 17 шағым түсірдік. Оның ішінде министрліктің атына жазған шағымымыз да бар. Сонда іс лайықты жүргізілу үшін біз 117 шағым түсіруіміз қажет пе?! Істің бұлай созылып жүруіне Досановтың Назарбаевпен туыстық байланысы себеп болуы ықтимал. Бұған дейін де іс жалған себептермен екі рет тоқтап қалды", – дейді адвокат.
"Мен оны жауапкершілікке тартқызғым келеді"
Баспасөз мәслихатында Гүлмира Уәлиева Тоқаевтың атына мәлімдеме жасады. Ол президенттен істің әділ жүргізілуіне сеп болуын сұрады. Әйелдің айтуынша, ол Досановпен соңғы рет 2020 жылы сөйлескен. Ал күдікке ілінген азаматты соттың ашық тыңдауына да шақырмаған. Уәлиева қазір банкке 980 млн теңге қарыз екенін қосты.
Журналистердің "Қазіргі нақты мақсатыңыз қандай?" деген сұрағына жәбірленуші Досановты жауапкершілікке тартуды мақсат қылғанын жеткізді.
- "Тәуелсіздік үшін ешкім күрескен жоқ": Олжас Сүлейменов Назарбаевтың мәртебесін Конституцияда бекітуге қатысты пікір білдірді
- Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы әйелі Универсиада нысандары қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді
"Ақша қазір екінші орында. Мен оны қылмыстық жауапкершілікке тартқызғым келеді. Себебі ол мені ғана емес, басқа адамдарды алдамауына ешкім кепіл бола алмайды. Алдап та жүрген шығар. Қазір менің түгім қалмады. Маған қыздарым көмектесіп, солардың қолдауымен өмір сүріп жатырмын. Ал үйінен айырылған әкем Көкшетаудағы ұлының үйінде тұрып жатыр",- деп жауап берді Уәлиева.
Әйел сондай-ақ Сәдуақасовпен бұрын сөйлескенінде ол алған ақшаны қайда жаратқанын айтып, қарызды қайтарып беруге уәде берген.
"Досанов Түркиядан асыл тастарды алуға 3 млн долларды жаратқанын айтқан. Тіпті ол екеуінің әңгімесінің жазбасы да бар. Мен оны бұған дейін полицияға тапсырдым", - деп қосты әйел.
Ғабит Досановтың көлеңкелі кәсібі
Назарбаевтың құдасы туралы ақпарат ашық дереккөздерде аз кездеседі. Radiotochka.kz сайты Досановтың өзін кәсіпкерлік салада үздік көрсеткені туралы жазған. Сайт дерегінен оның деректері құрылыс секторымен айналысатын бірнеше компаниялардың құрылтай құжаттарында болғанымен, Досановтың төлеген салығының аз екенін көруге болады.
Мысалы үшін, Досанов 2010 жылы жеке кәсіпкер ретінде 144 мың теңге салық төлесе, 2011 жылы 0 теңге, ал 2012 жылы - 100 теңге аударған. Ал 2013 жылы – 69 мың теңге, 2014 жылы 1 млн 580 мың теңге аударса, 2015 жылы қайта аудармаған.
Досанов басқарған құрылыс компанияларының төлеген салықтарынан, жұмысының тұрақсыз болғанын аңғаруға болатындай.
Ғабит Досановтың ағасы танымал жазушы Сәбит Досанов екенін айта кеткен жөн. Ал Сәбит Досановтың танымалдығын Назарбаев әулетімен байланыстарындар да бар.