Экс-судья Светлана Жолманованың ісі сотқа жіберілді
Аса ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыпталған бұрынғы судья Светлана Жолмановаға қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Әлеуметтік желіден
Тергеудің мәліметінше, 2021 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңде ол жылжымайтын мүлік сатып алуға және тендерлік жобаларға қатысуға жәрдемдесу сылтауымен, алдау және сенімге қиянат жасау арқылы азаматтардың 1 миллиард теңгеден астам қаражатты қолды қылған.
"Тергеп-тексеру барысында қылмыстық әрекеттің 48 эпизоды анықталып, олар бір іске біріктірілді. Тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің “Аса ірі мөлшердегі алаяқтық" бойынша айыптау актісімен қарау мәні үшін сотқа жолданды, — деп хабарлады бас прокуратура.
Еске салайық, Алматыда экс-судья Светлана Жолманованың алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталғаны туралы жазған едік.
Артынша Адвокат Мұрат Адам бұрынғы судья Светлана Жоламанованың екі айға қамауға алынғанын мәлімдеген.