Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"30 жыл ішінде жасаған қателіктерінің бәрін жоққа шығарды": Депутаттар Болат Назарбаевқа арналған астың саяси астары бар екенін айтты

Мәжіліс депутаттары тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанада інісіне арнап ас беруінде саяси астар бар екенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі XaqMedia YouTube-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан алынды

Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, ескі Қазақстан өкілдері билікке қайта келетін болса еліміз таз қалпына қайта түседі. 

"Алдын ала ойластырылғандай ой қалдырып кетті. Өйткені марқұмның өзіне, ұрпағына қатысты әңгімелер айтылып қана шектелуі керек еді. Алайда кәдімгідей саяси мәселелер қозғалды. Елдің қазіргі жағдайына қатысты баға берілді. Сонымен қатар келген адамдар құрамы саяси күш екендіктерін көрсететіндей әсер қалдырды.

Екіншіден осы астың төңірегінде салафилік, уахабилік ағымға жатқызатын азаматтардың бой көрсетуі ескі Қазақстанмен
бірге екендігін көрсететіндей ой қалдырды. Сол себепті саяси астары бар жиын болды деп есептеймін. Негізі Астанада емес Алматы қаласында өткені дұрыс еді. Бұл астың БАҚ беттерінде жариялануы бір месендж жібергендей әсер қалдырды. 

Олар билікке қайта келетін болса таз қалпымызға қайта түсеміз. Еуразиялық Одаққа кіргізген, жартылай бодан күйге түсірген, діни жағдайды күрделендіріп жіберген кім? Міне, осы ескі Қазақстан. Басқа ешкім де емес.

Мәдениетімізді, дінімізді, тілімізді қай жағынан алып қарасақ та үлкен күйзелістің алдында тұрған елміз. Сол жағдайлардың бәріне қайта түземіз деп есептеймін өз басым", - деді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан.

Ал депутат Ерлан Саировтың сөзінше, Болат Назарбаевқа арналған аста сөз сөйлеген экс-президент 30 жыл ішінде жасаған қателіктерін жоққа шығарды. 

"Реваншистік" күштер әлі бар. Сонымен бірге кейбір саяси күштер өзінің бар екенін, еліміздің саяси-экономикалық өміріне әсер етіп жатқандығын көрсетуге де тырысады. Мысалы, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі саяси сөз болды.
Ол 30 жыл ішінде болған қателіктердің бәрін жоққа шығарды. Әрине белгілі бір деңгейде экономикалық өсім болды. Алайда халық ол экономикалық өсімді көрмеді. Оны белгілі бір олигарх топтары ғана көре алды", - деді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.

Айта кетейік, 2023 жылдың 13 қарашасында Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі – Болат Әбішұлының қайтыс болды. Болат Әбішұлы 1953 жылы 23 наурызда Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылында дүниеге келген. Оны халық әуелі Қазақстанның тұңғыш перзиденті – Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі деп біледі.

Бұған дейін ол соңғы 2 жыл бойы төсек тартып жатқаны туралы хабарланған еді. Оған қант диабеті мен бүйрек жеткіліксіздігінің салдарынан асқынған көмей қатерлі ісігі диагнозы қойылған. 14 қарашада Шамалғанда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың жаназасы шығарылды.

Көз жұмғаннан соң оның қанша активі қалғаны белгілі болды. 

2023 жылы 18 қараша күні Астана қаласының Бас мешітінде экс-президент інісіне арнап ас берді. Аста біраз жылдар бойы мықты лауазымда отырған ескі Қазақстанның шенеуніктері бой көрсетті. 

Талқылау