Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Экс-күйеуім үстіме түкіріп, дәретке отырып, мазақ етті": Танымал блогер Айдана Ред өткен өміріндегі қиындықтары туралы айтып берді

Отбасылық психолог, секс-коуч Айдана Ред – қыз-келіншектердің өмірін өзгертуге көмектесіп жүрген маман. Ерлі-зайыптылардың түнгі қарым-қатынасында жіберетін қателіктерін ашық айтады. Блогер бірінші некесінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған. Ол өткен өміріндегі қиыншылық туралы Stan.kz тілшісіне ашық сұхбат берді. 

Фото:  Паша Шамин

Айдана Ред деген кім?

Мен –  отбасылық психолог, секс-коучпын. Түңгі қарым-қатынасты реттейтін, әдемі төсек техникаларын үйрететін, психологиялық тұрғыда жаныңды емдеп шығаратын маманмын.

Қоғам үшін “табу” тақырыптарды ашық айтуыңыз, блогтағы еркіндігіңіз қалай қалыптасты?

Бұрынғы Айдананы мен Айдош деймін. Ол өте нәзік, көбіне “ел не ойлайды” деп өмір сүрген, махаббатқа сенбейтін, өзін жоғалтқан соңында кім екенін танымай қалған Айдош еді. Отбасымда менен кейін екі ұл бар. Ержүрек, ер мінезді қыз болып өстім. Әкем мен анам қатар жұмыс істейтін, бірақ әкем көбірек тәрбиеледі. Еркін болып өстім.  Бірақ біз “ел не дейді” деп, соған мән береді екенбіз. Секіріп, аунап күресіп жүрсем “сен қыз баласы емессің ба, секеңдемей жүр” дейтін. Неге екі ініме секіріп ойнауға болады, маған болмайды деп ойлайтынмын. Біздің қоғамда қызды  өсірген кезде оқудан бұрын “қамыр жаюды, ыдысты дұрыс жууды үйрен” деп айтады. Ертең тұрмысқа шыққанда “енеңнен ұят болады, мені жерге қаратасың” деп үйдің тірлігіне келін болуға үйретеді. Ал еркін болу, өз ойыңды ашық айту туралы ештеңе айтпайды, себебі ұят болады.  Мені еркін тәрбиеледі деп айтып отырмын, бірақ менің әке-шешем де қоғамның бойларына сіңіргенін маған беруге тырысты.  

Қыздың қоғамда өз орнын, болашақ күйеуін дұрыс табуы тәрбиеге байланысты ма?

Менің отбасымда ұрыс-керіс тек ақша үшін болатын.  Сондықтан анам менің жағдайы жақсы жерге барғанымды қалады. Өсе келе миыма сол нәрсені сіңіп, ер адам туралы образ құрғанда тек жағдайына мән беріппін. Яғни ақшалы ер азаматқа тұрмысқа шықсам, ол менің бар жағдайымды жасайды, бізде ұрыс-керіс болмайды деп ойладым. Менде дұрыс ер адамның портреті болмады. Жан-жағымдағы адам не айтты, сонымен қалыптасып кетті. Мен сондай аңғалдықпен  ер азаматымды дұрыс таңдамай тұрмысқа шығып кеттім. 

Бірінші жолдасыңызбен қалай таныстыңыз?

Біз қыздар әкемізге ұқсайтын жігіт іздейміз. Оның есімі Сәкен, менің әкемнің де есімі Сәкен болды. Әкеме ұқсаса жаман болмайды, мен бақытты боламын деп сөйлесуді бастап кеттім. Ол мені сөзбен өзінің қармағына ілді. Біз қыздар құлақпен жақсы көреміз ғой.  Ол екеуміз шет елде тұрамыз десе мәзбін, жағдайыңды жасап бақытты етемін дегеніне сеніп отырмын. Іс әрекетпен жасау керек деп өзім де талап еткен жоқпын. Бір-ақ рет кездестім. Әдемі костюм шалбармен келді. Мен үшін Алматыдан Таразға келгеніне таң қалып, басым айналып қалды ғой. Оған жақсы болып көріну үшін тамақ жасай алатынымды, инабатты-ибалы екенімді көрсетуге тырыстым. Керісінше одан ештеңе талап етпедім.  Сөзге сеніп тұрмысқа шығып кеттім. Менің қателігім осы болды.

Тұрмысқа шыққан соң өміріңіз қалай өзгерді, бақытты болдыңыз ба?

Тұрмысқа танымай шыққанымнан оның маскүнем болғанын аңғармағанмын. Сынақтар сол үйге бара сала басталып кетті.  Бірінші маған қойған талабы – жұмысқа шықпайсың деді. Мен мақұл ер азаматымды тыңдайын дедім. Бізді солай үйретеді ғой. Кейін арамызға мамасы араласып, жұмысқа шықтым. Бірақ менің киіміме, бояуыма тиісе бастады. Жұмысқа үйде нан жайған киімдерімді киіп баратынмын.  Бұл жағдайды анама айтқанда “шыда, тыңда ер азаматың” деді. Қайта-қайта хабарласып, мазамды алатын. Мен өз өмірімді емес, оның маған лайық деп берген өмірін сүріп жүргенімді аңғардым. Телефон алмасам ұрыс-керіс басталады. Тойымыз өткеннен кейін екінші айда үйге ішімдік алып келіп, сенің туған күніңді тойлаймыз деді. Мен ашуланып “тойлайық, бірақ сыртқа шығайық, ішімдік ішіп отырмайтын шығарсың” дедім. Алғаш қол көтеруі осыдан басталды. Шашымды жұлып, қылғындырды. Айқайлап жатсам да ешкім көмекке келмеді. Мен осы күннен бастап төрт жыл өмірім тозаққа айналды. 

Неге ажырасып кетпедіңіз?

Біздің қоғамда ажырасқан қыздың артынан жаман сөздер ереді. Байынан ажырасып кетсе, бірден жүргіш қыз деп атайды. Көп келіншек жаман атқа қалмау үшін түрлі қорлыққа шыдап жүреді. Менде де сондай болған.  Ол ішімдік ішуін тоқтатпады. Күнде көше кезіп, үйі жоқтармен де іше беретін. Мен оның астын тазалап, жуындырып, шашын қырқатынмын. Бір күні түнде шаршап ұйықтап жатқанмын. Ертеңіне ақша табу үшін таңғы 5-те тұрып қас жасауым керек. Ол үйге келіп есікті тарсылдатып тұрды. Ашпасаң көршілерден ұят. Есікті аша беріп едім ұрып-соғу, қорлау, мазақ ету басталады. Күнделікті өмір осы. Бұл жолы үстіме түкіріп, тіпті кіші дәретке отырды. Мен өзімді қорғау үшін қолыма пышақ алып, қорғана бастадым. Бірақ байқаусызда оның иығына тиіп кетіп, қан болды. Үстімнен арыз жазып, құзырлы органдарға шағымданды. Менің ер азаматым деп осы күнге дейін көтеріп жүрген жан, көз алдымда абыройы түсіп кетті. Мен депрессияға кіріп кеттім. Шашымды тақырлатып алып тастап, қызымды асырау үшін өмір сүрдім.

Айдана Редтің қазіргі жолдасы, табысы, қыздарға берер кеңесі туралы YouTube арнамыздан көріңіздер!

Талқылау