"Екпеден кейін қыздар бедеу болып қалмайды": Алматыда адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау тақырыбында семинар-тренинг өтті
Алматыда Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен және Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының қолдауымен адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау мәселелері бойынша семинар-тренинг өтті. Спикерлер адам папиллома вирусына қарсы екпенің маңызы мен вакцинаға қатысты ата-аналарды мазалайтын сұрақтарға жауап берді.
Адам папиллома вирусы – бүкіл әлемде өте кең таралған шырышты қабаттар мен теріге әсер ететін вирустар тобының жалпы атауы. Вирустың 200-ге жуық түрі белгілі, олардың кем дегенде 13-і обырдың дамуына әкеледі. Жоғары қауіпті 16, 18 АПВ типтері негізінен жатыр мойны обырын тудырады.
Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының 1900 жағдайы тіркеледі. Өкінішке қарай, салдарынан жылына 600 әйел көз жұмады.
Алматы қаласы онкогинекология бөлімшесінің меңгерушісі Райхан Болатбекованың айтуынша, ДДҰ ұсынымына сәйкес, АПВ вакцинациясы 9-14 жас аралығындағы қыздарға салынуы керек. Қазақстанда 11 жастағы қыздарға вакцинациялау жүргізу жоспарланып отыр.
“Адам папилломасы вирусына қарсы вакцина дүниежүзіндегі ең қауіпсіз екпелердің бірі болып танылған. Оның жанама әсері басқа да екпелерден кейінгі реакциялар сияқты. Яғни вакцина егілген жердің ауруы, қызаруы, бас ауруы, дене қызуының көтерілуі секілді белгілерден тұрады. Осы тұста вакцина неге дәл 11 жаста егілетіні туралы көптеген сұрақтар қойылады. Себебі бұл жаста ересек жастағы вакцинациямен салыстырғанда вакцинацияның ең жоғары тиімділігі (ең тұрақты иммунитет) қалыптасады. Тиімділігі АҚШ-та вакцина енгізілгеннен кейін 11 жыл өткен соң, 13-26 жастағы әйелдер арасында АПВ-ның таралуы 81%-ға төмендеуімен дәлелденген. Осыған байланысты, Қазақстанда АПВ-ға қарсы 11 жастағы қыздарды вакцинациялау жоспарланған.”, – дейді ол.
Сондай-ақ, ата-аналарды “вакцинациядан кейін қызымыз жүкті болып, бала туа ала ма” деген сұрақ мазалайтыны белгілі.
“Көптеген елдерде вакцина салынған 75 мыңнан астам адамға зерттеулер жүргізілген. Мәселен, Австралияда 2007 жылдан бастап 11-12 жасар қыздарға АПВ-ға қарсы егу жүргізілген. Қазір олардың жасы 30-ға келді. Зерттеу нәтижесінде олардың арасында көпшілігі жүкті болып, бала көтергені анықталған. Сол себепті бұл мәселеде вакцина қауіпсіз дей аламыз. Вакцинация жұмыстары дамыған елдерде жүргізіледі және бұл елдер вакцинация жұмыстарын әлі күнге дейін тоқтатпай отыр”, – дейді Райхан Болатбекова.
Сондай-ақ спикер 2013 жылы Павлодар облысында вакцинадан кейін қолайсыз жанама әсер анықталған екі оқушыға қатысты пікір білдірді.
“2013 жылы бізде АПВ-ға қарсы пилот жоба басталып, 17 мыңнан астам қызға вакцина егілген еді. Сол кезде, екпе салынған екі қызда вакцинациядан кейінгі реакция тіркелген. Бұл жағдайлар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшыларының қатысуымен комиссиялық түрде зерттелді. Нәтижесі бойынша мамандар иммундаудан кейінгі қолайсыз жағдайлары АПВ-вакцинасының сапасына байланысты емес және осы вакцинаны енгізуге аллергиялық (анафилактикалық) реакция емес деген қорытындыға келді. Бұл жасөспірім қыздардың ол жаста эмоция жағынан тұрақсыздығынан пайда болған жағдай. Бір жасөспірімде "инъекция фактісі бойынша синкопиялық жағдаймен ауырсыну синдромы" болған. Екінші жасөспірімде инъекциядан қорқу реакциясы пайда болған, сол себепті де есінен танып қалған. Бұл жобада енді бұндай жағдай қайталанбайды деп ойлаймыз”, – дейді ол.
Адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцина 15 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді және әлемнің 135 елінде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстанда қолданылады.
Еуропа, АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Аустралия және Латын Америкасы елдерінің көпшілігін қоса алғанда, әлемнің 117 елі адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакциналарды өздерінің ұлттық иммундау бағдарламаларына енгізді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, әлемде АПВ вакциналарының 270 миллион дозасын қолдану жағымсыз реакциялар тудырған жоқ.
“ Жатыр мойыны обырының үшінші кезеңін емдеуге және диагностикасына 6347 доллар ( 2 800 000 теңге) жұмсалады. Ал бірінші кезеңін емдеуге 32 225 доллар (14 212 000 теңге) одан ары асқынған түріне 83 494 доллар (37 000 000 теңге) кетеді. 1 теңге АПВ-ға қарсы вакцинациялауға салынған қаражат 1000 қазақстандық әйелдің өмірін сақтап, жүздеген миллион теңге мемлекет бюджетін үнемдейді”, – дейді Толқын Садықова.
Әлемде АПВ вакцинасын фармацевтикалық компаниялардың шектеулі саны шығарады. Қазақстанда вирустың аса онкогенді түрлерінен қорғанысы бар АПВ-ға қарсы вакциналардың 4 түрі тіркелген.
"Бүгінде иммундау – еліміздің халық денсаулығын сақтау саласындағы ұлттық саясатының маңызды құрамдас бөлігі. Қазір бізде жатыр мойыны обырымен күресудің тиімді құралы – АПВ вакцинасы бар. АПВ-ға қарсы вакцинациялау адам папиллома вирусымен зақымдану деңгейін және онкологиялық аурулардың, әсіресе жатыр мойны обырының (ЖМО) дамуын төмендетеді. Қазақстанда күн сайын ЖМО-ның 5-6 жаңа жағдайы тіркеледі, бұл аурудан күн сайын 2-3 әйел қайтыс болады. Вакцинаны 2006-2007 жылдары енгізген елдердің тәжірибесі 10 жылдан кейін АПВ-ның онкогендік типтері айналымының 80%-дан астам төмендегенін көрсетеді", – деп атап өтті ҚР ДСМ Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының басшысы Манар Смағұл.
Қазақстан Merck Sharp & Dohme компаниясы шығарған "Гардасил" вакцинасын (Gardasil) пайдаланбақ. Ол 2006 жылы қолдануға лицензия алған. Вакцина Голландияда шығарылады және 70-тен астам елде қолданылады. Олардың арасында АҚШ, Канада, Аустралия, Израиль, Ресей, Грузия, Молдова, Оңтүстік Африка және басқалары бар. Гардасил вакцинасы төрт валентті вакцинаға жатады, яғни ол АПВ — 6, 11, 16 және 18 ең қауіпті және кең таралған төрт типінен қорғайды.
“Осы жылы күзден бастап 11 жасар қыздарға 6 ай аралықпен екі рет, 4 валентті вакцина салынады. Ал қалған контингентке ақылы түрде қызмет көрсететін емханаларда жүргізілуі мүмкін. 45 жасқа дейін вакцина салғызуына болады. Қазақстан бұл вакцинаны сатып алуға 9 миллиардтан астам қаржы бөлінді. Вакцинация ұсынылған жаста жүргізілсе, оның тиімділігі де жоғары болады. Есейген сайын оның тиімділігі төмендеуі мүмкін. Айта кету керек, кез-келген вакцинацияны, соның ішінде АПВ- вакцинациясын алмас бұрын ата-анасының немесе баланың қамқоршысының келісімі алынады”, – дейді Манар Смағұл.
Назарларыңызға АПВ-ға қарсы вакцинаға қатысты аңыздар мен фактілерді ұсынамыз:
1-аңыз: АПВ вакциналары қауіпсіз емес
Факт: 2006 жылы тіркелгеннен бері АПВ вакциналарының 500 миллионнан астам дозасы таратылды. Тіркеуден кейінгі қадағалау шеңберінде осы уақытқа дейін анафилактикалық реакция туралы сирек хабарларды қоспағанда, қауіпсіздікке қатысты маңызды мәселелер анықталған жоқ. Вакциналар қауіпсіздігі жөніндегі жаһандық консультативтік комитет (ВКЖКК) АПВ вакциналарының қауіпсіздігі туралы деректерді үнемі талдайды және қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық тудыратын аспектілерді әлі анықтаған жоқ.
2-аңыз: Вакциналар, соның ішінде АПВ вакциналары тиімсіз
Факт: АПВ вакциналары бірқатар елдерде тиімді екені дәлелденді. Сонымен АҚШ-та вакцина енгізілгеннен кейін 11 жыл өткен соң, 13-26 жастағы әйелдер арасында АПВ таралуы 81% төмендеді
3-аңыз: АПВ вакцинациясы – бедеулікке апаратын жол
Факт: АПВ вакцинасы әйелдердің репродуктивті функциясына әсер етпейді және бедеулікті тудыруы мүмкін емес. Бұл әлемнің дамыған елдеріндегі көптеген жылдар бойы жүргізілген клиникалық зерттеулермен дәлелденді. Керісінше, АПВ-дан туындаған қатерлі ісікке шалдыққан адамдарға кейде олардың балалы болу қабілетін шектейтін емдеу қажет болады. Мысалы, АПВ-ға қарсы вакциналар мен бедеулік арасындағы байланыс – клиникалық дәлелденген фактісі жоқ, қоғамда белсенді түрде таратылған жалпы қате түсініктердің бірі. Қосымша ақпарат мына жерде: egu.kz
4-аңыз: АПВ вакцинасы жыныстық азғындыққа әкеледі
Факт: Көптеген ғылыми зерттеулер АПВ вакцинациясы жасөспірім қыздардың жыныстық мінез-құлқының клиникалық көрсеткіштеріне әсер етпейтінін көрсетті. Бұл нәтижелер АПВ вакцинациясынан кейін азғындықтың жоғарылауы туралы алаңдаушылық негізсіз екенін және жас кезінде вакцинацияға кедергі болмау керек екенін көрсетеді.
5-аңыз: АПВ сирек кездеседі, сондықтан апв вакцинациясының қажеті жоқ
Факт: АПВ инфекциясы – ең көп таралған инфекция. Әйелдер мен ерлердің шамамен 80%-ы өмірінің белгілі бір кезеңінде жұқтыруы мүмкін. АПВ вакцинациясы жатыр мойны обырының даму қаупін азайтады.
6-аңыз: Вакцинада обыр жасушалары бар
Факт: Вакцинаның құрамына қатерлі ісік жасушалары да, тұтас адам папиллома вирусы да кірмейді.
Вакциналарда вирустың жеке ақуыздары бар, олар ағзаға еніп, иммунитетті белсендіреді. Өз кезегінде иммундық жүйенің жасушалары адам папиллома вирусымен күресуге бағытталған антиденелер шығарады. Осыған байланысты вакцина қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкін емес.