"Қыздыруға 5 минут жеткілікті": Экология министрі өз көлігімен тәжірибе жасап көрсетті (видео)
Көлікті қыздыруға бес минут жеткілікті екенін айтқан экология министрі Ерлан Нысанбаев өз көлігімен эксперимент жасап көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скрин
Экология министрі бұған дейін солтүстік аймақтарда көлікті жылытуға бес минут жеткілікті екенін, дәлелдеу үшін өз көлігімен эксперимент өткізіп тексеріп көретінін айтқан еді.
Министр уәдесінде тұрып, өз көлігін қыздыру сәтінен видео жариялады. Видеодан Нысанбаев көлігін оталдырып, секундомер қосып қойғанын көруге болады. Министр даладағы ауа температурасы -17 градус екенін атап өтіп, қозғалтқыш температурасының ең төменгі көрсеткіште екенін көрсетеді.
Бес минут өткен соң, министр көлігінің жеткілікті деңгейде қызғанын айтып, қозғала бастайды. Алайда көлік қозғалтқышының температурсы қаншалықты көтерілгенін көрсетпейді.
Еске салсақ, бұған дейін көлікті қыздыруға бес минут жеткілікті екенін айтқан экология министрі өз көлігімен тәжірибе жасап көрсетуге уәде бергені туралы жазған едік.