Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екібастұздағы мектептердің бірінде 7-сынып оқушысын есінен танғанша ұрып тастаған

Екібастұз тұрғыны №6 мектеп-лицейінің аумағында 7-сыныпта оқитын ұлын есінен танғанша ұрып кеткенін мәлімдеді. Оқиға наурыз айының басында болған, қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

бала

Instagram-да жарияланған ақпаратқа сәйкес, зардап шеккен баланы футбол алаңында аяусыз ұрып кеткен. 

"Бас сүйек-ми жарақаты, миы шайқалған, мұрыны сынған, бірден есінен танып, ауызынан көбік аққан. Футбол алаңында ұрыпты, бірақ ересектердің ешқайсысы жандарында болмаған. Камера да жоқ. Болған оқиғаны 30-ға жуық адам бақылап тұрыпты. Ал жедел жәрдемді ұлымның сыныптасы шақырған. Ол кезде балам жерде жатқан. Мектептегі асханаға дейін бір ұл көтеріп апарыпты, әрі қарай жедел жәрдем алып кетті", - дейді зардап шеккен баланың анасы. 

Сөзінше, оқиға екі апта бұрын болған. Алайда мектеп әкімшілігі баланың жағдайына қызығушылық танытып, хабарласпаған. 

"9 наурызда баламды үйге қайтарды, сол күннен бері мектеп бірде-бір рет хабарласпады. Қылмыстық іс қозғалды, ал мектеп директоры қоңырау да шалмады. Баламның жағдайына қызығушылық танытпады. Келесі күні мектепке барғанымда мұғалімдер полицияға арызданғаным үшін өзімді айыптады", - деп шағымданды әйел. 

Екібастұз білім бөлімінде әйелдің арызына қызметтік тексеріс жүріп жатқанын айтып, жауап берген. 

"№6 мектеп-лицейі аумағындағы оқушылар төбелесіне қатысты профилактикалық кеңес өтіп жатыр. Қызметтік тергеуден кейін мектеп әкімшілігі мен мұғалімдердің әрекетіне тиісті баға беріледі", - деді Екібастұз білім бөліміндегілер. 

Полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер баланың ата-анасы 2 наурызда шағым түсіргенін хабарлады. 

"Екібастұз тұрғыны ұлының жарақат алуына кінәлі кәмелеттік жасқа толмаған баланың үстінен арыз жазды. Аталмыш дерек Екібастұз полиция басқармасында тіркелді. Тергеу жүріп жатыр. Қазір зардап шеккен бала ем алуда. Ем алып болған соң сот-медициналық сараптамасы тағайындалады, нәтижесінде тиісті процессуалды шешім қабылданады", - деді ведомстводағылар. 

Талқылау