Екібастұзда төтенше жағдай жарияланды
Екібастұзда коммуналдық желілердің 90%-дан астамы тозып тұр. Әсіресе, кәріз жүйесіндегі коллекторды жедел жөндеу қажет. Сондықтан төтенше жағдай жариялау жөнінде шешім қабылданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин төтенше жағдай техногендік сипатта екенін айтты.
"Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Ержан Салханов техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы болып тағайындалып, оған төтенше жағдайды жоюға бағытталған іс-шараларды жүргізу тапсырылсын", – делінген әкім қаулысында.
Бұған дейін облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұзда болып, жөндеуді қажет етіп тұрған кәріз коллекторының жағдайымен танысқан. Желінің 90%-дан астамы, яғни 2260 метрі апат жағдайында тұр. Құбырдың жоғары қабаттары жарылып, үгіліп түсіп жатқаны себепті желінің өткізгіштік қабілеті төмендеген әрі апат жағдайлары жиі тіркеліп жүр.
Қала басшылығы осыған байланысты жергілікті ауқымдағы техногендік төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды.