Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екі жыл бұрын бастығын жеті жылға соттаған "ең адал полицей" капитан шенінен айырылды

Шымкентте атышулы сот процесі аяқталды. Екі жыл бұрын бастығын жеті жылға "түрмеге отырғызған" патрульдік ротаның бұрынғы командирі Азамат Айымбетов те дәл осындай мерзімге сотталды. Айымбетов бопсалау арқылы пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Соттың хабарлауынша, Айымбетов жүргізуші мен оның досынан әкімшілік жауапкершілікке тартпаймын деп уәде беріп 700 мың теңге пара алған. Нәтижесінде Фемида өкілдерінің үкімімен Айымбетов жеті жылдық мерзімнен бөлек капитан шенінен айырылды.

"Айымбетов Азамат Ибрагимұлы Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлігінің 1-тармағында (Параны қорқытып алу) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметте, сот жүйесінде, жергілікті атқарушы органдарда, Қазақстанның Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылады. Айымбетов жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді", – деді Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының төрағасы Айнель Орақбаева.

Сот істің тағы екі қатысушысына – делдал мен өзіне жалған куәлік берген адамға қатысты үкім шығарды. Пара беруші мен Айымбетовтың арасында делдал болған адам 7 миллион теңге айыппұл төлейді. Іс бойынша тағы бір айыпталушы бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

"Делдал болған тұлғаға келсек, ол Қылмыстық кодекстің 368-бабы (Парақорлыққа делдал болу) бойынша кінәлі деп танылып, оған параның он еселенген мөлшерінде айыппұл салынды. Ал Айымбетовтың пайдасына жалған куәлік берген үшінші тұлға (Ауыр қылмысты жасыру) бабы бойынша кінәлі деп танылды”, – деді Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының төрағасы Айнель Орақбаева.

Сот барысында экс-полицей Айымбетов өз кінәсін ішінара мойындады. Ол пара алғанын айтып, бопсалау мен қорқыту әрекетін мойындамады. Бұрынғы капитанның қорғаушысы да сот үкімімен келіспейді. Адвокат апелляциялық шағым түсіруді жоспарлап отыр.

"Мен Айымбетовтың қорғаушысы ретінде сот үкімімен мүлдем келіспеймін. Өйткені, сотқа дейінгі тергеу барысында пара берушінің үстінен пара бергені үшін іс қозғалды. Айымбетов бопсалау немесе қорқыту арқылы пара алған болса, мұндай жағдайда пара берушінің үстінен қылмыстық іс қозғалмас еді. Бұл жерде соттың біліктілігі дұрыс емес деп есептеймін. Айымбетовке қатысты іс "алаяқтық" бабы бойынша ашылуы керек еді. Біз міндетті түрде шағымданамыз", – деді адвокат Талғат Есімов.

Пара алды деген күдікпен Азамат Айымбетовты осы жылдың көктемінде оның әріптестері мен ішкі қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері ұстаған болатын. Шымкент тұрғындарының арызы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Еске салайық, Азамат Айымбетов осыдан екі жыл бұрын басшысы полковник Мұхтар Бұхарбаевқа қарсы арыз жазып, оны бопсалады деп айыптап, танымал болды. Артынша полицей президент пен ішкі істер министріне Бұхарбаевтың қымбат заттар, авиабилет, жиһаз, тіпті шырша сатып алуға мәжбүрлегенін айтып, халыққа видеоүндеу түсірген.

Айымбетовтың мәлімдемесінен кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет істі өз бақылауына алды. Ақырында Бұхарбаев кінәлі деп танылып, түрмеге жабылды. Осыдан кейін Айымбетов тіпті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрескерлердің марапатына ие болып, қазақстандықтар арасында белгілі бір атақ алды.

Талқылау