Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте лауазымды полиция басшысының не үшін ұсталғаны белгілі болды

Шымкент қаласы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің бұрынғы бастығына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметі хабаралды.

Бұған дейін Мұхтар Бұхарбаевтың ұсталғаны хабарланды.

"Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Шымкент қаласы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің бұрынғы бастығына қатысты қызмет бабын пайдаланып жасалған алаяқтық фактісі бойынша (Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша) сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр", - делінген ақпаратта.

Мұхтар Бұхарбаев 25 сәуірде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Бұған дейін оның қол астындағылардың бірі Азамат Айымбетов өзінің бұрынғы бастығына қатысты тергеудің әрекетсіздігін айтып, президентке шағымданған. Айымбетов дәлел ретінде бастығының жазған хаттарын көрсеткен, ол жерде бұрынғы бастығы қымбат зат сатып алуға мәжбүрлегені көрсетілген.

Сондай-ақ белгісіз біреулердің арызын қайтып алуы үшін 10 миллион теңге ұсынғанын айтты.

Видеоүндеуден кейін Мұхтар Бұхарбаев қызметінен шеттетілді.

Талқылау