Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жол ақысын төлей алмаған жасөспірімдер көлік жүргізушісін пышақтап өлтірді деген күдікке ілінді (видео)

Жол ақысын төлей алмаған кәмелеттік жасқа толмаған екі бала әкелерімен құрдас ер азаматты өлтірді деген күдікке ілінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Көреміз" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан алынды

Осы жылдың 19 шілдесі Ділмұрат Пірмахамадов өзінің көлігімен жолаушы тасымалдап, Шымкенттен Алматыға жолға шыққан. 15-16 жастағы қос жеткіншек жүргізушінің көлігіне отырып, жол ақысын Алматыға жеткен соң беретіндерін айтқан. Алайда межелі жерге жеткен жолаушылар жол ақысын төлеуден бас тартып, күтпеген жерден көлік жүргізушісіне пышақ сұғады. 

Марқұмның әйелінің айтуынша, аталған қылмыс алдын ала ұйымдастырылып, қасақана істелген. 

"Көлік жүргізушісін ұрып-соғып, тастап кетеміз деп алдын ала жоспарлаған. Межелі жерге жеткен соң осы жерде тоқтаңыз деген. Алдында отырған бала Ерасыл түсіп бара жатса, күйеуім "інім сен осы жерден түсесің бе" деген екен. Сол кезде оң жақ қалтасындағы қара түсті ашылып жабылмалы пышақты алып мойнына тығып жіберген. Сөйтіп ол бала қашып кеткен. Сосын артында отырған бала пышақты қайта қайта сұға берген. Жалпы алты жерден пышақтаған. Күйеуім қиналып көліктен түскен. Сол кезде олар машинаны айдап, қашып кеткен. Жолдасым сол жерде қансырап бір сағаттай жатқан", - дейді әйелі Жанат Пірмахамадова. 

Фото: Видеодан алынды

Соңында бес баласы қалған Ділмұраттың жары әділдік іздейді. Себебі қылмыстық іс бұрмаланып кете ме деп қорқады.

"Менің көңілім толмағаны соттағы алқабилер сотталушы балалардың адвокаттары жағынан сияқты. Неге десеңіз, олар бір-бірімен сәлемдесіп, алғысын айтып қоштасты. Сосын бұлар өздерінің адамдарын әкелген бе деп ойладым", - дейді жұбайы.

Ал марқұмның ағасының айтуынша, қос күдікті ойларын жүзеге асыру үшін жол бойы бір-бірімен телефон арқылы хабарлама жазып, сөйлесіп барған көрінеді. 

"Екеуі басқа адам алмайсың деп салонды 40 мың теңгеге жалдаған. Тергеуші екеуінің телефонда сөйлескен жазбасы барын айтты. Заңгерлер кейін анықтай жатар, бұл біздің естіген әңгімеміз. Бір-біріне хабарлама жазған екен. Меркіге келгенде "не қыламыз, мынаны жайлаймыз ба" деген. Екіншісі жол ұзақ қой полицияға ұсталып қалуымыз мүмкін, Алматыға бара берейік, сосын көреміз деген. Көлікте отырып бір-біріне жазған. Сосын Алматыға келген соң, келіп қалдық қой, енді не істейміз, тындырамыз ба деген. Басында басқа мекенжай айтқан. Қалаға келген соң басқа мекенжайды көрсетіп, осы жерге тоқта, осында түсеміз деген екен", - деді ағасы Нұрлыбай Манабаев.

Алайда кәмелет жасына толмаған балалардың ата-анасы Ерасыл мен Есілдің мұндай әрекетке барғанына сенбейтінін айтты. Олар мұны жала болуы мүмкін дейді. 

"Баламмен сөйлестім, мен істеген жоқпын деді. Кінәлі, кінәсіз екендігін сот шешеді. Біз мұның жанындағы баланың қандай адам екенін білмедік. Қасына еріп кетті деп ойлаймын. Балам адам өлтірмейді, сол баладан қорыққан соң жанында жүрді деп ойлаймын", - деді Ерасылдың анасы Құралай Майемерова.

Ал Есіл есімді күдіктінің әкесі баласынан мұндай әрекет күтпегенін, оның мұндай қылмысқа барғанына сенбейтінін жеткізді. 

"Шешесі қайтыс болғаннан кейін үш жасынан бастап өзім бақтым, оқыттым. Сондай ақкөңіл, жақсы бала еді. Тағдыры шығар бәлкім. Әкелік мейірімімді төгіп, үлкен үміт күтіп едім. Өзім жетпегенге осы жетсін деп, жалғыз өзім бақтым. Өкінішке орай мен күткендей болмады. Қалада оқытамын деп, бұзық балаларға ілесіп кетті ме деймін. Бірақ оған ешкімді кінәламаймын. Қазір қоғам, орта дұрыс емес. Қолымнан келгенін бердім. Қазақстанның жазуын білмеймін, маған қол қойдырып алды. Балам мойындады адам өлтіргенін. Бірақ мен осы күнге дейін сенбеймін оған. Мен оны жақсы білемін, ешкімге жамандығы жоқ бала болатын", - деді Есілдің әкесі Қабылбек Гымыңнұр.

Ал Алматы қаласы полиция басқармасының ресми өкілі аталған қылмыстың тергеуі аяқталып, істің сотқа жолданғанын жеткізді. 

"Аталмыш қылмыс осы жылдың тамыз айында Алматы қаласы, Наурызбай ауданында орын алды. Ізін суытпай қолға екі күдікті жасөспірім түсті. Шымкент қаласынан жекеменшік тасымалдаушының көлігіне мініп, Алматы қаласының төңірегінде оны өлтірген. Аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің 99 бабы 2 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, екі күдікті қамауға алынды. Қазірті таңда тергеу аяқталып, іс материалдары сотқа жолданды", - деді ресми өкіл.

Қазіргі таңда аталған қылмысқа нақты кінәліні анықтау үшін арнайы мамандар жұмыс істеп жатыр. Заңгерлер қалай да нақты кінәліні анықтауға уәде берді. 

Талқылау