Екі тілде сөйлейтін балалардың өзгелерден артықшылығы анықталды
Майами университетінің ғалымдары екі тілде сөйлейтін балалардың бір тілді құрдастарына қарағанда тапсырманы орындауда және өзін-өзі басқаруда жақсы екенін анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Journal of Experimental Child Psychology журналына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Unsplash
Зерттеуге 7 мен 12 жас аралығындағы 112 бала қатысқан.
“Олардың когнитивті қабілеттерін бағалағанда, екі тілде сөйлейтін балалар біртілді құрдастарына қарағанда тапсырманы орындауда және импульсивті мінез-құлықты бақылауда әлдеқайда жақсырақ екені анықталды", – делінген мақалада.
Зерттеуде аутизм спектрінің бұзылуы бар балалардың нәтижесі басқаша болған. Ғалымдардың айтуынша, мұндай балалар көбіне жоспарлау, зейінін шоғырландыру және көп тапсырманы орындауда қиналады. Ал аутизм спектрі бұзылған, бірақ екі тілде сөйлейтін балаларда атқарушы функцияның жақсы жұмыс істейтіні байқалған. Екі тілде сөйлей алатын балалар өзгелердің эмоциясы мен көзқарасын жақсы түсінеді. Бұл баланың әлеуметтік бейімделуіне ықпал етеді.
Сарапшылардың пікірінше, көп тіл үйрену когнитивті дағдыларды жақсартып, сауатты оқуға көмектеседі.