Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екі қыз жармаса кетті, үшіншісі батып бара жатты": Қапшағайда алматылық ер адам суға батқан үш жеткіншекті құтқарып қалды

Алматылық Александр Ананиев Қапшағай суқоймасында отбасымен демалып жүріп, оқыс оқиғаға кезіккен. Бейқам суда жүзіп жүріп ол үш жеткіншек қыздың көмекке шақырғанын көріп, өмірлерін сақтап қалған. Отбасымен барған демалыс базасында Александр құтқарушыларды таба алмағанын айтады. Сөзінше, өмірін қауіпке тігіп, ерлік жасағанын кейін түсінген. Алайда бұл әрекеті жеткіншектердің ата-анасы тарапынан да, мемлекет тарапынан да елеусіз қалыпты. Stan.kz тілшісі Александрдың өзімен тілдескен еді.

Александр Ананиев, жеке архивтен

53 жастағы Александр Ананиев оңтүстік мегаполистің жергілікті тұрғыны, күзетші болып еңбек етеді. Сөзінше, Қапшағайға демалуға сирек келеді. Соңғы рет екі жыл бұрын келіпті. Осы жолы қызының ұсынысымен жұмыстағы ауысымнан шыққан соң суқоймасына келудің сәті түсіпті.

“Өзім осында туып өстіп, әскерге де осы жақтан барып келдім. Отбасымен Алматы қаласында тұрамыз. Балаларым ересек, өз отауларын құрып кеткен. Күзетші болып жұмыс істеймін. 

17 шілде күні екі қызым, екі немерем, күйеубаламмен демалуға шығып кеттік. “Чистый пляж” демалыс базасына бардық. Бәрі жақсы басталған. Кешке қарай сағат 4-5 шамасында үйге жинала бастадық. Қызым тағы барып шомылып қайтайық деп ұсынды. Мен әдетте терең жерде жүземін. Қызым терең емес жерде жүзіп жүрді”, – деп бастады әңгімесін ол.

Суға түсіп жүрген сәтте ол біреудің айқайын естігендей болған. 

Александр Ананиев, отбасымен

“Бір мезетте айқалаған дауыс естігендей болдым. Суда, әдетте, дыбыс естілмейді. Жан-жағыма қарасам, бір қыз судың ішінде құтқару шеңберінде тұр. Жылап, айқайлап тұр екен. “Құтқарыңдар, көмектесіңдер!” деп айқайлап жатыр екен. Менен 40-50 метр қашықтықта болды. Мен ол жаққа жүзіп келгенше екеуі су жұтып жатыр екен. Біреуін, содан соң екіншісіне жақындап келіп, “менен ұстаңдар” дедім. Үшінші қыз қолын алдыға созып, батып бара жатты. Тас сияқты болып тұрды. Суға сүңгіп, оны білегінен ұстап, шығарып үлгердім. Суды көп жұтып қойдым. Ол есін жоғалтып алған екен”, – дейді Александр.

Сөзінше, бұл әрекетке демалушылардың ешбірі аса мән бере қоймаған. Ал демалыс орнынан құтқарушыларды Александр таба алмапты.

“Чистый пляж” Демалыс базасы

“Оларды судан шығарғанда, қыздар орыс тілін дұрыс түсінбейтін болып шықты. Жұтып қойған суын бойынан шығардық, содан соң көзін ашты. Есін жиып, жөтеліп, жылай бастады. Оларды жұбатуға тырыстым.

Жағалауға шығып, құтқарушыларды іздедім, бірақ таба алмадым. Қайтадан жағалауға барып қыздардың жағдайын көрдім. Орысша жөнді түсінбегендіктен, бір-бірімізде қатты ұғыныса алмадық”, – дейді ер адам.

Жеткіншектердің ата-анасымен Александр тілдесе алмаған. 

“Не болғанын ол жақтағы адамдардың көбі түсінбеген де сыңайлы. Ата-аналарың неге қарамайды деп сұрадым. Олар қатты қорқып қалған екен.  Осы жағдайды содан соң құрбыма айтып бердім, ол желіге жариялаймын деп шешті”, – дейді Алматы тұрғыны.

Сол күні де одан кейін де біршама уақыт өтсе де, Александрға ешкім хабарласып, бір ауыз алғыс та айтпапты.

“Бұл туралы ойланбаппын да. Бәрі жақсы аяқталды ғой бастысы”, – дейді ол ыңғайсыздана жауап беріп.

Сөзінше, қазір көпшілік жағажайға демалысқа келгенде қауіпсіздік туралы ойлана бермейді.

“Жағалаудан сәл әрі кетсең, сені ары қарай алып кетеді. Бәрібір терең жаққа қарай итереді. Меніңше, әлгі қыздар таяз жерде шомылып жүргенде оларды су ақырын тереңге қарай алып кеткен. Аяқтары жерге жетпей тұрғанын байқағанда шок алып, бата бастаған.

Үйге келген соң күнге терім күйіп қалған, қатты шаршаңқырап қалыппын. Келесі күні ауысымға түсіп жұмысқа барған кезде ғана не болғанын түсіндім. Дәл сол уақытта мені суға батырып тастауы мүмкін деген ой да келмепті”, – дейді ол.

Александр бұған дейін суға батқан адамды құтқарып көрмегенін айтады. 

“Бала кезден жақсы жүземін. Ағысы қатты өзендерде де жүзе алатынмын”, – дейді ол. 

Александр спортқа жақын, шымыр ер азамат. Бос уақытында велосипед тебеді, футболда белсенді.

Талқылау