Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сал ауруына шалдыққан қос баламмен жертөледе тұрып жатырмын": Бес баланың анасының оқиғасы

Бес баланың анасы Кәмшат Базарбекқызы тағдыр тәлкегіне түскен жандардың бірі. Оның қос ұлы церебралды сал ауруына шалдыққан. Ал күйеуі осындай қиын кезеңде әйелін тастап кете барған. Бес балапанымен жалғыз қалған ананың барарға жері, басарға тауы жоқ. Алматыдағы үйлердің жертөлесінде тұрады. Өйткені өкіметтен берілетін баспанаға кезегі келмеген. Stan.kz тілшісі Кәмшаттың өзімен тілдесіп, жағдайын сұрады. 

бала

Үш ұл, екі қызы бар Кәмшаттың 14 жастағы үлкен ұлы Әлтайыр туғанынан жер басып жүре аламайды. Диагнозы - церебралды сал ауруы. Кенже ұлы Әлинұр да дәл осы аурумен арпалысып келеді. Қос ұлының жағдайы Кәмшаттың жанына қатты батады. Үлкен ұлы мүгедек болып қалады деп ойламаған ол дәрігерге бармай біраз уақыт жоғалтып алған. "Кел татуласайық" жобасының қатысушысы баласының мүгедек болып қалғанын өзінен көріп, кейде өзі кінәлайды екен. 

"Үлкен балам - 14-те, кіші балам - 4 жаста. Бірақ кіші балам алты айлық бала секілді жетілмей қалды. Емдетуге қытайлық дәрігерге апарғанымда баланы тез арада емдеуді бастау керегін айтты. Үйге келіп, баланы емдеуге ақша керек, неге үйде жата бересің, табыс тапсаңшы деп күйеуіме айттым. Соны көтермей, үйден кетіп қалды. Қазір бес баламен Қаскелеңдегі жертөледе тұрып жатырмын", - дейді тұрмыс тауқыметін көп көрген Кәмшат. 

Оның айтуынша, бұған дейін де тұрмыста болған. Онымен де әңгімелері жараспай ажырасып кеткен. Екінші күйеуімен 6 жыл отасқан. Карантиннің кесірінен жұмысынан айырылған күйеуі үйге табыс әкелмеген соң дау көп болған. Егер үйде ұрыс шығып қалса, жайылып тұрған дастарханды қолымен бір сермеп қағып түсіреді екен. Балаларды тамақ ішіп отыр деп ойламайтынына Кәмшаттың іші күйеді.

"Бірінші күйеуімнен үш бала, екінші күйеуімнен екі бала. Бірінші күйеуім де жұмыс істемейтін, ақшаның жоқтығынан, таршылықтан ажырасып кеттік. Қатты ұрысып қалған кезде бірінші күйеуім қыста ішіп келіп, жанжал басталды. Дастархан басында отырып, ашу үстінде қасықты лақтырып жібердім. Содан кейін үйде жүрген жеңіл халатпен далаға қуып шықты. Аяғымда жеңіл тәпішке. Анамның үйіне бардым. Содан ажырасуға тура келді", - дейді басынан өткен қиын кезеңдер туралы Кәмшат. 

Екінші күйеуімен танысқанда бір баласының мүгедек екенін, екі қызы барын  бірден айтқан. Ол еш қарсы болмастан, шаңырақ көтерген. Бірақ ...

"Екінші күйеуім бұрын үйленбеген сүр бойдақ жігіт. Бір-бірімізді сүйіп тұрған соң ол көнді. Бірақ күйеуімнің туыстары басында қарсы болды. Үйленбеген жігітсің, үш баласы бар әйелді қайтесің деген сөздер болды. Бірақ ол сөздерге қараған жоқ. Сосын аяғым ауырлаған соң туысқандарының сөздері басылды. Аман-есен босандым. Біраз уақыттан соң екіншімді көтердім. Тоғыз айында босанып, үйге келген соң 15 күннен кейін баламның көзінің қарашығы  айналып кете берді. Содан тоқтамай емдеттік. Осы уақытқа дейін күйеуім қарайламады деп айтпаймын, көп көмектесті, ақшасын тауып беріп жүрді. Дәрігерлерге жылдап, айлап емдеттік", - дейді ол.

Карантиннің кесірі бұл отбасыға да тимей өтпеген. Күйеуі жұмысынан айырылып үйде 5-6 ай жатып қалыпты. Ақшаның жоқшылығынан үйде күнде ұрыс болып, киімдерін жинап, Кәмшаттың өзі үйден қуып жіберген. Ертесіне ажырасуға өтініш берген.

"Балаларыма берілетін жәрдемақының ақшасымен күн көріп отырмыз, пәтердің де ақшасын сол жәрдемақыдан жырып беріп отырдым. Пәтерге де азық-түлікке де мен ақша таптым. Ал күйеуім тек ішіп-жеп жатса не керегі бар? Кейде айтам, сен үйде отыр мен ақша тауып келейін деп. Бірақ күйеуімнің мүгедек балаларға қарағысы келіп тұрған жоқ.

Өзімнің үйімде анам мен інім ғана бар. Әкеміз бен анамыз ажырасып кеткен. Арқасүйер ешкімім жоқ десем болады. Қатты қиналып кеттім", - дейді келіншек. Бағдарламаға келудегі мақсаты -  күйеуімен қайта татуласқысы келеді және екі баласының еміне қаржы тапсам дейді. 

Күйеуін көңілі осынша қалайтын тағы не себеп бар деген сұрағымызға: 

"Анам осы екінші күйеуіме тұрмысқа шығатын кезде қарсы болды. "Сенің үш балаң бар, оның біреуі - мүгедек, саған бай керек емес" деп айтқаны көңілімде қалып қойды. Мені тыңдасаң күйеуге шықпа деп айтқаны бар. Сол кезде айтқанын тыңдамай кеткен едім. Осы жолы қатты ұрысқанда анама барып жағдайды айтқанда оған қосқан мен емес, өз мәселеңді өзің шеш деп айтты.  

Оның үстіне неге менен мұнша қашып жатқанын білмедім. Еркек адам болған соң сыртқа назары ауып тұрады. Біз қосылсақ, айына бір рет, екі аптада бір рет қана қосыламыз. Арамыз суып кетті. Мүмкін соңғы рет ұрысқанда кет дегенде үндемей кеткеніне қарағанда басқа бір адамы бар шығар деп ойлаймын", - дейді ол. 

Қазір көпбалалы жалғызбасты ананың бар арманы екі баласының еміне жететін қаражат жинап, баспаналы болуы. 

 

Талқылау