Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екі ағамыздың сұхбатында зиялы қауым қабылдамайтын тұстар көп": Мереке Құлкенов Мұхтар Мағауин мен Дулат Исабековтің сұхбатын сынға алды

Қаламгер-журналист Мереке Құлкенов сұхбаттарының бірінде Мұхтар Мағауин мен Дулат Исабековтің кей сөздерімен келіспейтінін айтып, сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Abai.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

мереке

Сурет: Abai.kz сайтынан

Мереке Құлкеновтің айтуынша, ауызбірлік болмай, кіші үлкенді сыйламай, үлкен кішіні құрметтемей, елдің болашағы бұлыңғыр. Сондай-ақ ол М.Мағауин мен Д.Исабековтің сұхбаттарын тілге тиек етті. 

“Мұхаңның сұхбатында көпке ой тастаған сөздер жетерлік. М. Мағауиннің маңдайымызға басқан тұлғалардың бірі екенін мойындауымыз керек. Мен жазушыны қазақ прозасына, қазақ әдебиетінің тарихына, жалпы қазақ тарихына көп еңбек сіңірген адам деп есептеймін. Дәл осылай тарих пен әдебиетке қатар  еңбек сіңірген адамдар бізде саусақпен санарлық. М. Мағауиннің жөні қазақ үшін бөлек. Оның аузынан шыққан әрбір сөзін жұрт қағып алып, ақыл-кеңес сияқты қабылдайды. Сол сияқты екінші ағамыз Дулат Исабековтың да еңбегі ұшан-теңіз. Әсіресе, проза, драматургия жанрында. Әлемге қазақтың драматургиясын танытуға Дулаттай еңбек сіңірген қаламгер кемде кем. Кешегі "Бөртесінің" өзі қандай керемет дүние болып қабылданып жатыр!” – деді ол.

Қаламгердің пайымдауынша, Мағауин мен Исабековтің сұхбатында жалпы зиялы қауым қабылдамайтын тұстары бар.

“Дүниеден өткен кісілерге, сонымен қатар, біздің үлкен тұлғаларымызға кір жағып, айып таққысы келіп тұратын мінездері, екеуінің бірін-бірі мойындағысы келмейтіні ұнамайды. Мысалы, "қазақтың ең үлкен, ең зиялы он жазушысы кім?" десек, екеуі де сол ондыққа кіріп тұрған қаламгер. Екеуі де бірінен-бірі кем емес. Мұхтар Мағауиннің соңғы кезде жазған еңбектері – төрт томдық Шыңғыс хан туралы шығармалары, Алтын Орда  туралы шығармалары. Өзі осы шығармаларды шаршап-шалдығып бітіріп, енді сәл кідіріс жасап демалтындығын айтып отыр. Бұл қазақтың тарихына, біздің әдебиетімізге, мәдениетімізге қосылған үлкен үлес қой”, – деп қосты Мереке Құлкенов. 



Сұхбат барысында Мереке Құлкенов жастардың Мұхтар Мағауиннің айтқанына еріп кетуі мүмкін екенін алға тартты. 

“Сондай ағалардың аузынан пендешілік әңгімелердің шыққанын мен жаратпаймын. Сондықтан соңынан келе жатқан інілері ретінде екеуміздің пікір білдіргеніміз жөн шығар. Біріншіден, Тұрар Рысқұлов – қазақтың қайраткер ұлы, қазақ үшін көп еңбек сіңірген тұлға. Әрине, кемшілігі болған шығар. Архивте Рысқұловқа қатысты біраз дүниелер бар деп естиміз. Бірақ ол да Сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болды ғой. Тек сол үшін де оның кейбір қателіктерін кешіруге болмай ма?!.  Рысқұловты бір жақты күстәналай бергеннен не ұтамыз? Біздің өмірімізді, әдебиетімізді, тарихымызды білмейтін жастарға Мұхаңның айтқан сөзінің бәрі ғибыратты сөз болып қабылданады. Жастар Мұхаңның сөзіне еріп, айтқанымен кете беруі мүмкін. Мысалы, Шерхан Мұртаза кімнен кем еді?! Шерағаң тәу етер тәуелсіздігіміздің туын қасқайып тұрып көтерген ерлердің бірі. Тіліміздің конституциялық мәртебесіне лайық болуын биліктен талап етіп қалай сөйледі? Қандай өрелі сөздер айтты?!. Ал оны біздің бұрынғы Президентімізді қолдап айтқан бір жылы сөзі үшін жоққа шығарып, бұл өмірден сызып тастаймыз ба? Сол сияқты Мұхтар Шаханов. Ол да қазақтың үлкен тұлғасы, қабырғалы ақыны. "Танакөз" деген поэмасынан бастап, әндеріне жазған мәтіндері, Махамбет туралы балладаларын айтар болсақ, оның бәрін қалай жоққа шығарасың?..” – дейді қаламгер. 

Еске салайық, бұған дейін Мұхтар Мағауин "Халық үні" ютуб-арнасына берген сұхбатында қазіргі қазақ қоғамында діншілдердің көбейгенін айтып, әсіресе діни ұстанымды жамылғандарды сынап, олардың қоғамның дерті екенін айтқан еді. 

Талқылау