"Дұрыс көлік те жоқ екен-ау": Роза Әлқожа бар тапқанын өнерге жұмсағанын айтты
Роза Әлқожа өткеніне көз жүгіртіп, мұңға толы жазбасымен бөлісті. Ол саналы ғұмырын ел арасында өткізіп, бар тапқанын көппен бөлісіп, өнерге жұмсағанын айтты. Есесіне осы қасиеттері үшін өзін құрметтейтінін жеткізді, деп жазады Stan.kz тілшісі.
"Әлдеқандай қорқыныш пен жауапкершілік төсектен жұлып алды!
Бір апта бойы ештеңеге зауқым жоқ, үйден ұзамаппын.
Дауыл алдындағы тыныштық секілді я биікке секіру алдындағы шегіну?!
Концертке ұсыныс түскелі өткеніме “сүңгіп” кеткен сияқтымын?!
Осы күнге дейін бар тапқанын әдемі көйлек пен әннің әріне, бейнебаян мен оның машақатына, үлкен кештерге жұмсаған жаным бір мұңға батты.
Өз кітабын өзі шығарған, несібесін көппен бөліскен Розада ары-бері жүруге дұрыс көлік те жоқ екен-ау?!
Ертең құда келсе деп зәулім үй де салмаған бұл қарапайым келіншек саналы ғұмырын ел арасында, бала мен қазанның ортасында өткізіпті!
Жарының ылғи шайын құйып бермеген шығар?! Бірақ құдайдан құйылған әнді жүректерге жеткізіп, жырдың азабын анық өткізген!
Балаларының қалай өскенін де білмеуі мүмкін, ал әр әнінің жүректерге жетуі үшін таң мен түн қатқан", - дейді Әлқожа.
Әнші осы күнге дейін ешкімнен ештеңе дәметпей алға ұмтылғанын, дүниеге құмар болмағанын айтты.