"Дядя Дональдтан" жалынды сәлем": Депутат елде ЛГБТ насихатына тыйым салуды ұсынды
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин депутаттық сауал жолдап, елде ЛГБТ насихатына тыйым салу керегін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Мәжілісмен депутаттық сауалында Дональд Трамп АҚШ президенті болып сайланған соң елде заңмен ер мен әйел жынысы шегеленгенін еске салды.
Бұл – ЛГБТ-ға, яғни табиғи жаратылысқа қарсы жынойнақ топтарға біз түгілі, енді АҚШ-та заңмен тыйым салынады деген сөз. Бұл жаңалық Батысты өздеріне қорғаушы санап жүрген қызтекелерге төбелерінен жай түскендей болғаны анық. Осы тұста, барлық қызтекелерге "Дядя Дональдтан" жалынды сәлем! Бұл ретте, АҚШ президентінің шешімі мәжіліс депутаттарының ЛГБТ-ға қарсы ұстанымымен ұштасты. Өйткені біз мәжіліске келгелі бері ұлтымыздың болашағына балта шауып жүрген азғын жолмен күресіп келе жатырмыз. Мен білетін үкіметке кемінде бірнеше нақты депутаттық сауал жолданды”, – деді ол.
Жаңбыршин елде ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салуды көздейтін арнайы заң нормаларын да әзірлегенін айтады. Алайда кейбір шенеуніктер батыс елдері өкілдерінің "демократияны шектеп жатырсыңдар", "адам құқығын таптап жатырсыңдар" деген ұстанымдарын желеу қылып, қарсылық білдірді дейді.
“Тіпті ЛГБТ өкілдері және олардың сыбайластары депутат әріптестеріме және олардың отбасыларына әлеуметтік желіде, бұқаралық ақпарат құралдарында жаппай ақпараттық шабуылдар ұйымдастырды. Бірақ бұл күресте біз жалғыз қалған жоқпыз. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар, жалпы қоғам бізді қолдап E-petition.kz мемлекеттік платформасында ЛГБТ насихатына қарсы петиция жариялады. Небәрі 2 аптада петиция 50 мың қол жинағанын білеміз.
Бұл нені көрсетті?! Бұл ұлттық болмысымызға жат, ЛГБТ ағымына халықтың ашық қарсы екенін көрсетті. Ал парламент бірінші кезекте халықтың мүддесін ескеріп, оны нақты заңнамамен іске асыруға тиіс”, – деп қосты ол.
Сауалында депутат жоғарыда аталған петиция талаптарын толық қанағаттандырып, барлық платформада, әлеуметтік желілерде ЛГБТ-ны насихаттайтын заң нормаларын ұсынатынын және оны үкімет қанағаттандыруға тиіс деп мәлімдеді.
Сондай-ақ ЛГБТ-ны қолдап, мәжіліс депутаттарына ақпараттық шабуылдарды ұйымдастырған тұлғаларды тауып, жазалау қажет дейді.