Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Қазақстан құрамасы 44 алтын жүлде иеленіп, жалпы есепте бірінші орынмен аяқтады
Бүгін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өз мәресіне жетіп, Қазақстан құрамасы 44 алтын, 33 күміс, 37 қола жүлдемен жалпы командалық есепте бірінші орын алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының баспасөз қызметі
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының соңғы күнінде Қазақстан құрамасы теңге ілудің жеті құт стилінен Бақыт Төлтай алтын жүлде алды. Құсбегілік Этноауылда құсбегіліктен өткен ақтық сында бүркіт салудан Серікбек Күнтуған да алтын жүлдеге ие болды. Ал күмісті Ержан Байқадамов, қола жүлдені Арман Қошқаров иеленді. Қырғыз халқының ұлттық ойыны ордодан ақтық сында Қазақстан құрамасы 96:18 есебімен Қырғызстан спортшыларына есе жіберіп, күміс жүлдеге ие болса, түрік халқының зияткерлік ойыны мангаладан әйелдер арасында Құндыз Есіркеп алтын жүлде жеңіп алды. Осылайша, Қазақстан құрамасы 44 алтын, 33 күміс, 37 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте 1-орынға жайғасты. 18 алтын, 21 күміс, 25 қола иеленген Қырғызстан құрамасы 2-орынға табан тіресе, Өзбекстан 11 алтын, 12 күміс, 11 қола жүлдеге қол жеткізіп, 3-орынға тұрақтады.
Айта кетейік, Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 90-ға жуық елден 2000-нан астам спортшы бақ сынады. Жалпы саны 97 медаль жиынтығы сарапқа салынды.