Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Достарымен бәстескен: Павлодарда мектепті "миналаған" оқушы 5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Павлодарда мектептегі жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берген адам анықталды. Заң бұзуы сол мектептің оқушысы болып шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, бүгін полицияға "Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте террористер бар" деген ақпарат түсті. Оқиға орнына бірден тәртіп сақшылар мен саперлер барды. 1048 оқушы мен 83 қызметкер қауіпсіз жерге шығарылды. Ал жарылғыш зат табылған жоқ, террористер де болмаған. 

Жедел-іздестіру шаралары кезінде осы мектепте оқитын 14 жастағы жасөспірім ұсталды. Ол сыныптастарымен бәстесіп, полицияға жалған ақпарат берген.

"Ол өз кінәсін мойындады. Қылмыстық кодекстің 273-бабы (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ал терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама үшін жауапкершілік 14 жастан басталады", - дейді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Айта кетсек, осы қылмыс үшін 5 000 айлық есептік көрсеткіш (15 900 000 теңге) мөлшерінде айыппұл немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, я болмаса, бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

 

Талқылау