Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Доллар әлемдегі үстемдігінен айырылуы мүмкін – Goldman Sachs

Goldman Sachs банкі америкалық доллардың әлемдік валюта қорындағы үстемдігінен айырылуы мүмкін екенін айтып, инвесторларға ескерту жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Insider басылымына сілтеме жасап. 

доллар

Банк сарапшылары АҚШ-тың ресейлік Орталық банкке шетелдік қорды пайдалануына тыйым салғанын айтады. Бұл келешекте өзге елдердің доллардан бас тартуына әкеп соғуы мүмкін екен. 

Сарапшылардың сөздерінше, доллар британиялық фунт секілді түрлі мәселелерге тап болған. Британиялық фунт та бұрын ірі резервтік валюта болған, алайда ХХ ғасырдың ортасында доллар оны басып озды. Бұл Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін Ұлыбритания алған қарыздармен байланысты. 

АҚШ-та да осыған ұқсас мәселе туындауы мүмкін. Қазір ол әлемдегі ірі тауар импорттаушы болғандықтан, қарыздары көбейе түскен. Алайда әлемдік саудадағы үлесі салыстырмалы түрде аз. Сауда балансы сальдосында да ауытқулар бар, бұған Украинамен байланысты геосаяси мәселелер де қосылған. 

Халықаралық валюта қоры басшының орынбасары Гита Гопинат бұған дейін Ресейге салынған санкциялардың долларға соққы болып тиюі мүмкін екенін айтқан. Сонымен қатар әлемдік сауданың өзге валюталармен жүруі орталық банктерді өз қорларын әртараптандыруға мәжбүрлейтінін айтады. Бұл доллар үшін тиімсіз. 

Дегенмен сарапшылардың басым бөлігі доллардың жаһандық резервтік валюта мәртебесін сақтап қалатынын алға тартады. Себебі қазір долларды алмастыра алатын валюта жоқ. 

Goldman Sachs мамандары доллардың болашағы АҚШ-тың өз қолында деген қорытынды шығарды. Егер қазіргі саясатты әрі қарай да ұстанып, сыртқы қарыз бен инфляция одан әрі өссе, өзге резервтік валютаға ауысуы мүмкін. 

Талқылау