"Дінмен басып тастады": "Меломен" тобының әншісінің бұрынғы әйелі ажырасуға нақты не себеп болғанын жайып салды
“Меломен” тобының әншісі Ғабит Бибасыұлының бұрынғы әйелі Нұрила Ақберен не үшін ажырасқанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Жеке парақшалардан алынды
By production youtube-арнасына берген сұхбатында ажырасу себебін жасырмады.
“Үш балам бар, шыдай тұрайын” деген оймен өмір сүрдім. Бірақ ол мәселенің шешімі емес екен. Бала болғаннан кейін жауапкершілік бірдей болуы керек. Ешкім баласын мектепке апарғанынан, балабақшадан әкелгеннен өлген жоқ. Бірақ адам қатты шаршайды екен. Маған жай ғана далада жарты сағат отыру мұңға айналды. Сол кезде Роза Әшірбаева әлеуметтік желіде белсенді емес, бірақ сабақтарын бөлісіп отыратын. Үш жыл бұрын курсын сатып алып, қатыстым. Курсты оқыған соң "Құрбан-құтқарушы-абьюзер" рөлдерінде жүргенімді түсіндім. Өзімнің энергиям жетпейтінін түсіндім де, бала күтуші жалдадым. Жалақысын өзім төледім. Үйімде бірге тұрды. Ғабитке ондай нәрсе ұнамайтын. Бәрін әйел жасауы керек, үлгеру керек деген ойын айтып отыратын. Менің оған күшім де, уақытым да жетпей жатыр. Онлайн бизнес, парақшаға контент, түсірілімдердің бәріне жүгірдім. Үйге келемін, тамақ бәрі дайын, асханаға араласпай кеттім. Себебі энергиям асханаға жетпейді, басқа нәрселер жасап жүрмін. Кейін білім алып, ізденісте жүрдім, бұрынғы қалпыма қайта келе бастадым", – деп сырын ақтарды блогер келіншек.
Сонымен қатар отбасының екіге бөлінуіне нақты не себеп болғанын да жасырмады.
“Мен Роза ханымның курсынан өткеннен кейін, өз ойларыммен арпалысып кеттім. Іштей ажырасуға бекініп жүрдім. Ғабит психологқа өзі барып жүрді. Бір күні “бірге барамыз” деді. Сол кезде Ислам шеңберінде түсіндіріп, Ғабитке қарап тұрып: “Әйелің меншігің емес” деді. Көзімнің оты жарқ етті. Күйеуіме бірінші рет бір кісі солай айтып тұр. Оған дейін ол мені дінді айтып, уағыз тыңдатып, басып тастайтын. Былайша айтқанда, түсінігіміз екі түрлі болды. Сол ойдың жетегінде жүріп, ажырасып тындық. Ол жақтың туысқандары ештеңе деген жоқ. Әу бастан ата-анама ешқандай проблемамды айтпағанмын. Солай бәрі шешілді”, – дейді Нұрила Ақберен.
Еске салайық, "Енді ісім психолог сымақтармен болады" деп "Меломен" тобының мүшесі Ғабит Бибасыұлы қол көтерді деп айыптаған әйеліне жауап берген еді.