"Дініңізді тастаңыз, сонда ғана біздің қоғамда өмір сүресіз": Қазақстандық оқушы хиджаб кигені үшін қандай қысым көргенін айтып берді
Қазақстан – мектептерде хиджаб киюге тыйым салған біраз мұсылман елдерінің бірі. 2016 жылы елде шектеулер енгізілсе де, бұл тақырып шеңберіндегі екұдай пікірлер әлі талқыланып келе жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Дінге сенуші ата-аналардың басым көбі балаларының конституциялық құқығын білім саласында айқындатқысы келеді. Бұл сыңаржақ пікірлер Қазақстанда бірыңғай жүйенің қажет екенін меңзейтіндей. Алайда бір жағынан, ел басшылығы исламға деген оң көзқарасын көрсетсе, екінші жағынан кеңес заманынан бері сақталып келе жатқан дінді бақылауды әлсіретуге әлі дайын емес.
13 жастағы Анель Қарағандыдан келіп, өзі армандап жүрген бұрынғы президент атымен аталған "Назарбаев зияткерлерлік мектебіне" (НЗМ) оқуға түсті.
Анел өз жасына қарағанда бойы ұзын, сымбатты қыз болып өскен. Ол қалалық, облыстық, республикалық олимпиадаларға қатысып жоғары нәтижелер көрсетіп жүрді. Зияткерлік мектепке 800-ге жуық үміткердің ішінен 16-болып үздік нәтиже көрсеткен. Осылайша, ол болашақта президент болғысы келетінін және зияткерлік мектепте пәндерді тереңдетіп оқығысы келетінін анықтаған.
"Назарбаев зияткерлік мектебінің жанында тұрдық. Әрдайым терезеден қарап, сол мектепте оқуды армандаушы едім", – деп еске алды Анель.
2023 жылдың тамыз айында ол алғашқы сабақтарына қатысады. Алайда бірінші күннен-ақ мектеп басшылығы оның ата-анасына қоңырау шалып, келуін өтінеді.
"Кездесуде директордың орынбасары мен кураторы болды", – деді Анельдің әкесі.
Оның әкесі Болат Мусин, кәсіпкер, жасы 43-те.
"Олар бізге ішкі ережелері бар екенін жіті түсіндіріп, "сіздің балаңыз бізде оқи алмайды" деп айтты", – деді Болат Мусин.
Мектеп басшылары мұның басты себебі 13 жастағы Анельдің басын бүркелеп, орамал таққаны деп түсіндіреді.
"Мектепке орамал тағып келгенімде, өзімді басқалардан бөлек сезінбедім. Бұл жай киімнің бір түрі, аксессуар деп қабылдадым. Орамал таққаным оқуыма және айналама еш әсері бермеуі керек. Бұған сыныптастарым да аса мән берген жоқ", – деді Анель.
Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы және мұсылман ел. 2022 жылғы санаққа сәйкес, қазақстандықтардың 69%-ы өздерін мұсылман деп атайды.
2022 жылдың жазында президент Қасым-Жомарт Тоқаев кіші қажылық жасады. Ал былтыр көктемде резиденциясында шенеуніктер мен зиялы қауым өкілдері үшін ауызашар ұйымдастырғанынан-ақ, оның исламға деген ұстанымын жасырмайтынын байқауға болады.
Қарағандыда халықтың басым бөлігі орыс тілді болғандықтан, Анель сияқты тағы 10 шақты оқушы мұндай мәселемен бетпе-бет келген. Мысалы, 2023 жылдың қазан айында 47 қыздың ата-анасы "ҚР білім беру саласындағы заңнамасында көзделген" ата-аналық міндеттерін орындамау туралы әкімшілік істер басталғанын білген.
Заңда не айтылған?
Заңгер Жасұлан Айтмағамбетов білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы бұйрығына сілтеме жасай отырып, діни отбасыларға мұндай істер бойынша құқықтық көмек беріп келе жатыр. Бұл ретте ол ата-ана балалары үшін жауапкершілікке тартылатынын жеткізді.
"Егер баласы мектеп формасын кию ережелерін бұзса, ескертулер беріліп, айыппұл төлейді", – деді ол.
Ол бұйрықта "әртүрлі конфессияның діни киімдерінің элементтерін мектеп формасына енгізуге жол берілмейді" деп атап өтті.
Назарбаев зияткерлік мектебінің басшылығы Анельдің ата-анасының наразылығы мен полицейлерді шақырғаннан кейін ортақ тіл тапқан. Болат Мусиннің айтуынша, қызы 1 қыркүйектегі алғашқы қоңырауға орамалмен келген. Алайда Қарағандыда 4 қыркүйекте Анельден басқа тағы басқа қыздарды орамал тағып келгені үшін мектепке кіргізбей қойыпты.
Ата-аналар мен құқық қорғаушылар олардың ел Конституциясынан гөрі, министрдің бұйрығын жоғары қойғанына көңілі толмайды. Қыздың әкесі прокуратура мен оқу-ағарту министрлігіне шағым жазды. Алайда министрлік шағымданушының арызын жергілікті басқармаға қайтарып жіберген. Олардың айтуынша, НЗМ олардың қарамағындағы ұйым емес екенін және оларға басшылық ете алмайтынын айтып жауап беріпті. Сонымен бірге зияткерлік мектепті қамқоршылық кеңес басқаратын, яғни үкімет шенеуніктері мүшелік ететін және бюджет қаржыландыратын бөлек мекеме деп түсіндірген.
Прокуратура Болат Мусинді жергілікті полиция бөліміне жібергенімен, оның өтініші аяқсыз қалды. Ата-аналар қыздарының мектепте хиджабпен немесе орамалмен барғаны үшін бүгін ғана емес, бірнеше жылдардан бері қысым көріп келе жатыр.
Мәселен, 2018 жылы Ақтөбе облысынан келген оқушылардың ата-аналарына "мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтамағаны" үшін айыппұл салынған. Ал Ақмола облысында бұған ұқсас мәселені қарауға аудан әкімшілігінде тұтас комиссия шақырылған деседі.
"Мектеп басшылығының қысымымен қыздардан орамалды шешіп алатын жағдайлар жиі кездеседі. Кейбіреуі қысымға шыдаса, екіншілері мектепке баруды тоқтатқан. Мұндай қысымдардан кейін дінге сенушілердің қатарын азайтуға тырысады", – деді Жасұлан Айтмағамбетов.
Зайырлы қоғамды іздеу
Ел басшылығы мектептерде орамал тағу туралы пікірталастарда Конституцияда айтылған мемлекеттің зайырлы мәртебесіне баса назар аударады.
"Мектеп ең әуелі балалар оқуға келетін білім беру мекемесі екенін әрдайым есте ұстаған жөн", – деді президент 2023 жылдың қазан айында.
Бұдан бөлек, президент бала есейгенде өзі таңдау жасап, жеке дүниетанымы қалыптасса дұрыс болатынын нақты атап өтті.
Алайда заңгерлер заңда "зайырлықтың" нақты анықтамасы жоқ екенін атап көрсетеді.
"Мұнда бәрі оңай емес. Білім алу құқығы мен ар-ождан бостандығы құқығын бекітетін конституция бар. Сонымен бірге зайырлық қағидаты және құқықтар мен бостандықтарды шектеу мүмкіндігі бар. Әрине, мұндай құқықты шектеу министрдің бұйрығымен емес, кем дегенде білім туралы заңмен қарастырылуы керек", – дейді адам құқығы жөніндегі Қазақстандағы халықаралық бюроның басшысы Евгений Жовтис.
Алматыдағы философия, саясаттану және дінтану институтының дінтанушысы, ғылыми қызметкері Асылтай Тасболат елде "зайырлы мемлекет" түсінігінің қалыптаспағынын баса айтты. Оның айтуынша, қоғам әлі жетілмеген және әр тарап зайырлылықты өзінше түсіндіреді.
"Кейбір азамат зайырлылықты атеизм деп түсінеді", – деді дінтанушы Асылтай Тасболат.
Әлемнің бірқатар елінде қоғамдық орындарда мұсылман әйелдер киімінің кейбір түрін киюге шектеулер қолданылады. Бұл никаб – бетті тұмшалап тұратын орамалдарға қарсы айтылған. Қазақстан секілді мұсылман мемлекеттердің бірнешеуі мұндай орамал тағуға шектеу қойған. Бұлардың қатарында бұрынғы КСРО құраманда болған Өзбекстан мен Тәжікстан бар.
Радикализмнен қорғау
Қазақстанда дінді мемлекеттің бақылауында ұстау дәстүрі кеңес заманынан бері сақталып келеді. 1943 жылы КСРО-да Орталық Азияның бес республикасын қамтыған Орта Азия мұсылмандарының діни басқармасы (САДУМ) құрылды. Кеңес өкіметі діни ағымдарды басуға ұмтылғанда САДУМ ислам дінін ұстанатындарды бақылауда ұстайтын. Асылтай Тасболаттың айтуынша, онда КГБ-да қызмет еткен "қызыл" молдалар жұмыс істеп, ұйым мемлекет мүддесімен тығыз байланысты болды.
"Мәселен, Садумның алғашқы пәтуаларының (шешімдерінің) бірі Гитлер режиміне қарсы жиһад жариялауға қатысты болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін билік сенушілерді қудалауды тоқтатты, Қазақстанда діни бірлестіктер белсенді түрде ашылып, мешіттер салына бастады", – деді Асылтай Тасболат.
Қазір елде 2800-ден астам діни бірлестік болса, кеңес заманында олар небәрі он шақты болған. Қазақстанның ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша жүргізілген сауалнамаға сәйкес 2021 жылы ел тұрғындарының басым бөлігі – 89,2%-ы діндарларға (оның ішінде басқа діндердің ізбасарларына) жатқызылды. Бірақ олардың 62%-ы діни рәсімдер мен мерекелерді сақтаумен шектелген, ал 27,4%-ы өздерін дінге терең табынушылар деп санады.
"Садумның орнына ҚМДБ, яни Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы келді. Басқарманың міндеті – қазақтардың мәдениеті мен зайырлы мемлекеттік қағидаттарына қайшы емес дәстүрлі исламды ілгерілету", – деді дінтанушы Асылтай Тасболат.
Дінді бақылауда ұстау – билікке де, ұлттық қауіпсіздікке де өте маңызды. Зерттеуші атап өткендей, 2005 жылдан бастап Солтүстік Кавказдан, ауған-пәкістан аймағынан, сонымен қатар Сирия мен Ирактан келген ислами ағымдардың әсерінен елде діни экстремистердің зорлық-зомбылық жағдайлары жиілеп кетті.
"2011 жылы Қазақстанда тұңғыш рет экстремистік шабуыл жасалды. Ақтөбе облысындағы ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) департаментінің ғимаратында 25 жастағы ер адам өзін жарып жіберді. Тағы үш адам жараланды. Ал 2016 жылы қару-жарақ дүкендері мен әскери бөлімге жасалған қарулы шабуылдардың салдарынан 25 адам қаза тапты. Сол кезде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев шабуылдаушылар исламның салафиттік ағымының ізбасарлары екенін мәлімдеді, – деді Асылтай Тасболат.
Оның айтуынша, кейінгі жылдары билік діни салада бірқатар шектеу енгізді. Соның ішінде діни қауымдастықтарды мемлекеттік органдарда тіркеу міндеттемесі және жеке үйлерде діни қызметтерді өткізуге тыйым салынды.
Билік мұны елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің мүддесімен және оны "радикалды" діни идеялардан қорғаумен негіздеді. Құқық қорғаушылар бұл заңдар дінге сенушілердің құқығын шектейді және мемлекетке діни бірлестіктерді қатаң бақылауға мүмкіндік береді деп санайды.
2023 жылдың қазан айында үкімет терроризм мен діни экстремизмді насихаттаумен күресу үшін заң жобасын дайындайтыны белгілі болды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, бұл никабтар мен басқа да діни киімдерді қоғамдық орындарда киюге тыйым салынады. Министрдің сөзінше, бетін тұмшалап алған адамдардың жеке басын анықтау қиынға соғады. Сонымен қатар ол хиджабтарға тыйым салу туралы әңгіме болмағанын ескертті.
Фото: pixabay.com
Шарасыздық
Осылайша, Анельдің діни бас киім кигеніне байланысты ата-анасы бірнеше мәрте сөгіс алып, ол мектептен шығарылды. Қыздың әкесі полиция мен куәгерлерді шақырғанымен, оларға қарсы оқу процесіне жіберілмеу туралы актілер толтырылған.
Болат Мусин қызының оқудан шығарылуы заңсыз деп отыр. Ол сотқа діни атрибуттарға тыйым салу, мектептің ішкі бұйрықтарын жою мен қызы Анельдің мектепке оралуы және моральдық зиянды өтеу бойынша арызданды.
"Билік бізді бір мемлекеттік құрылым мен екінші мекеме арасында жүгіртіп қойды. Немесе орамалды шешуді талап етті. Қазір біз бұл мәселені сотпен шешуге тырысып жатырмыз. Біз үшін мемлекеттің нақты жауап беруі маңызды. Бізге не істеу керек екені туралы нұсқаулық беріңіз. Бізге "дініңізді тастаңыз, сонда ғана біздің қоғамда өмір сүресіз" деген таңдауды қалдырмаңыздар", – деді қыздың әкесі Болат Мусин.
Қарағандыдағы Назарбаев зияткерлік мектебі басшылығы басылымға Анельдің не себепті шығарылғаны туралы жағдайға түсініктеме беруден бас тартты. Оқу-ағарту министрлігі де журналистердің сұрақтарына жауап бермеген.
ҚМДБ биліктің тыйымдарын тікелей сынамаса да, ұстанымдарына берік екенін айтқан. Олар шариғатта жыныстық жағынан жетілген қыздардың хиджаб киюге міндеттелетінін еске салды. Ұйым үкіметке ұсыныстарын жібергенін айтқан.
Қарағандылық отбасылар қалада діни мектептердің болғанын қалайды. Қыздары сол мектепке барса, өте ыңғайлы болатынын жасырмады. Басқа өңірлерде әйелдерді оқытатын жекеменшік медреселер бар. Бірақ мұндай мектептерде оқу ақылы – жылына 400 мыңнан 700 мың теңгеге дейін (890 доллардан 1560 долларға дейін) болып отыр. Қазір Қазақстанда тоғыз медресе бар, әрқайсында әйелдерді оқытатын бөлімшелер жоқ.
"Былтыр біз осы мәселені қозғадық. Олар тыйым салу туралы айтқанымен, басқа жолы көрсетілмейді. Біз тіпті, онлайн білім беруді сұрадық. Алайда біздің өтінішімізден бас тартты", – деді заңгер.
Зияткерлік мектептен шығарылғаннан кейін Анельдің ата-анасы қызына орыс тілді онлайн-оқытушыны тапқан. Болат Мусиннің айтуынша, егер қыздары орамалын шешіп, мектепке оралғысы келсе, отбасы оның шешімін қолдайтынын жеткізді.
"Достарым “орамалыңды шеш, онда соншалықты не бар? Жақсы оқисың ғой, мектепке бар" деп айтатын. Бірақ орамалды шешу ойыма да келмеді. Орамал – менің бір бөлшегім", – деді Анель.