"Сегіз қырлы, бір сырлы сері жігіт": Димаш Құдайберген дүние жүзін қалай бағындыруда?
Дінмұхаммед (Димаш) Құдайберген Қанатұлы 1994 жылы 24 мамырда Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерлері Қанат Құдайбергенұлы мен Светлана Айтбаеваның отбасында дүниеге келген.
Димаштың ата-анасы танымал әншілер Қанат және Света Айтбаевтар. Димаштың әкесі Қанат Айтбаев — облыстық филармонияның басшысы, анасы Светлана Айтбаева – облыстық маслихат депутаты. Димаштың ата-әжелері де музыкалық адамдар. Бірі домбырада ойнаса, екіншісінің ән айтуға бейімі бар. Димаштың Раушан атты қарындасы, Мансұр атты інісі бар.
Ең алғаш рет спектакльде ойнауымен таныла бастады. Бес жасында музыкалық колледж сахнасында алғаш әнші ретінде ән салған. Алты жасында “Айналайын” республикалық байқауының “Фортепиано” номинациясында жеңімпаз атанған.
2010 жылы «Байқонырдың Әсем дауыстары» Халықаралық фестивалінің І жүлде лауреаты атанды. 2012 жылы “Жас қанат” Республикалық жас ән орындаушылар байқауының Гран-при жүлдесіне ие болып, осы жылы “Восточный базар” Халықаралық байқауында І жүлде лауреаты атанды. 2013 жылы Димаш Құдайберген “Мейкин Азия” І Халықаралық фестивалінің жеңімпазы болды.
Сонымен қатар Димаш Витебск қаласында өткен XXIV Халықаралық эстрадалық ән орындаушылар «Славян базары-2015» байқауында Гран-при жеңіп алған. Екі күн ішінде жас әнші 175 ұпай жинаған. Бірінші күні ол Константин Меладзе композиторінің «Опять метель» әнін, ал екінші күні Француз әншісі Грегори Лемаршаль репертуарынан алынған «Sos dun terien un detresse» әнін орындады.
2015 жылы 28 қазан күні Ыстанбұлда Димаш Құдайберген “Abu TV” Халықаралық Азия-Тынық мұхит фестивалінда Қазақстан Республикасының атынан алғаш рет қатысты.
Димаш Құдайберген 5 жасынан бастап фортепианода ойнауды үйренген. Балалар хорында ән айтқан. Ол 2014 жылы Димаш Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде академиялық ән орындау сыныбын тәмамдап, Қазақ Ұлттық өнер университетінің “эстрада өнері” факультетіне түсті.
Димаш серб, итальян, француз, ағылшын, орыс т.б тілдерде ән орындайды.
2017 жылы Қытайда өткен I’am singer жобасынан кейін әншінің танымалдығы күрт артқаны белгілі. Алайда, Димаштың бүгінгі күнгі жетістіктері бірнеше жылғы еңбектің нәтижесі екенін ұмытпаған жөн. Қазіргі таңда әлемнің түкпір-түкпірінде тыңдармандары бар өнер иесі екі жылдан бері әншілікпен бірге кәсіпкерлікті қатар алып жүруге тырысуда. 2017 жылы ол Dimash атты шайды, биыл DQ деген иіссуды шығарды. Бірнеше күн бұрын ғана әлемдегі ең әдемі зергерлік бұйымдарды шығаратын Jacob & Co атты брендтің амбассадоры атанды.
Фортепианоның 88 клавиштері бар. Аспапта ойнауға болатын ең жоғарғы нота C 8 октавасына жататын C нотасы. 2003 жылы әнші Мэрайи Кэри АҚШ-тың әнұранын орындағанда 7-ші октавалық C нотасын алып, ең жоғарғы нота рекордін орнатты. Арада 4 жыл өткен соң, әнші Адам Лопез көпшіліктің алдында ең жоғарғы, яғни C8 нотасын алып, жаңа рекорд қойды. Ал Димаш Құдайберген концерттердің бірінде фортепианоның өзінде клавиштері жоқ, 7 октаваға тиесілі Фа нотасын алып, күллі әлемді аузына қаратты. Мамандар дауысты мұндай деңгейге көтеру өте қиын екенін бір-бірімен жарыса жазып, таңданысын жасырмады.
Димаш жасөспірім кезінде-ақ бір нотаны 23 секундқа дейін созып орындай алған. Гиннес рекордтар кітабында ең ұзақ орындалған нота 20,2 секундты құрайтыны және бұл рекорд A-HA тобының лидері Мортен Хакерге тиесілі екендігі жазылған. Отандасымыздың көрсеткіші кітапқа енбесе де, рекорд жаңартқаны түсінікті.
Димаштың желтоқсан айының 10-шы жұлдызында Нью-Йорк қаласында өтетін Arnau tour ENVOY атты концертіне барлық билет бар болғаны бір жарым айдың ішінде сатылып кетті. Билетттердің 75 пайызын америкалықтар алған. Әншінің былтыр Лондонда өткен концертіне әлемнің 45 елінен 4600 адам келді. Елордада жоғары деңгейде қойылған концертінде отандастарымыздан бөлек, шетелден келген тыңдармандарды есепке алғанда 10 мың адам болды.
Димаш бала атаулының барлығын жан-жүрегімен жақсы көретін жан. Кішкентай ұл-қыздардың барлығын бауырына басып, жылы сөздерімен қанаттандыратын өнер иесі өсіп келе жатқан ұрпаққа үлкен сенім артады десек, қателеспейміз. Әншінің тыңдармандары оның болашақта керемет әке болатынына сенімді. Оныі Димаштың шығармашылығынан, жаңалықтарынан хабардар желі қолданушылары да осы пікірге қосылады деп ойлаймыз.
Себебі, балажан отандасымыз Сочиде өнер көрсеткенде нәрестені сүйіп алып олардың жүрегін елжіреткен еді. Қазақстандық Ник Вуйчичпен достасып, уақытының тығыздығына қарамастан жас жетіншекпен футбол ойнады. Ол сахнада өнер көрсеткенде “Менің Димашым” деп жанын сала айқайлаған балаға тәнті болып, бүлдіршінге жарқын болашақ тіледі.
Өскенде әнші боламын деген дарындарды және ән әлемінде өз ізін қалдырғысы келетін жандарды әркез қолдауға дайын екенін Димаш бірнеше рет дәлелдеген еді. Былтыр Лондонда өткен жеке концертінен түскен қаражатты ол жас дарындарды қолдау үшін ашылған қорға аударды. Данэлия Төлешованың “Балалар Еуровидениесі 2018” байқауына қатысу үшін жұмсалған шығының бір бөлігін Димаш төледі. Ержан Максим 2019 жылы ресейлік “Голос. Дети” байқауына қатысқанда “Мен үшін Ержантай жеңімпаз” деп жас жігітті қуантып қойды.
Сонымен қатар, жас әртістерді қанаттандырған Димаш 29 қарашада Санкт-Петербургте өтетін концертіне индонезиялық әнші Римарды ән айтуға шақырды. Шілде айында индонезиялық бойжеткен Димаштың Игорь Крутойдың концертінде орындаған "Любовь уставших лебедей" әнін айтып, желіде бөліскен болатын. Ол әнді орысша орындаған.
Димаш Андреа Бочелли, Лара Фабиан сынды әлемдік деңгейдегі жұлдыздармен ән салған, жұмыс істеген, дүние жүзіне танымал актер Джеки Чанның ыстық ықыласына бөленген жалғыз қазақстандық. Лара Фабианмен бірге ән салған отандасымыз бала күнгі арманы орындалғанын айтып, қуанды.
Жас буын мен жасы ұлғайған өнер сүйер қауымды дүние жүзі бойынша әншінің өнеріне деген махаббат біріктіреді. Тыңдармандардың сөзінше, Қазақстанға Димаш секілді өз елін жан-жүрегімен сүйетін, қанша жерден мықты болса да кішіпейілдігінен айнымаған азаматтар ауадай қажет. Олар сүйікті әншісіне қарап, өмірді еке есе жақсы көріп кеткенін, Димаш арқылы өмірден өз орнын адаспай тапқанын үлкен мақтанышпен айтады. Аврора есімді қытай қызының Мәскеуде білім алуына, мамандығын таңдауына әсер еткен де Димаш екен. Әнші уақыт тығыздығына қарамастан Казань қаласына барып, ауыр дертке шаллдыққан қызбен кездесіп, арманын орындады. Сонымен қатар, оның тыңдармандарымен қуана кездесуіне, тілдесуіне, “жыламашы” деп қоштасуына сүйсінбеу мүмкін емес.
Димаш бірнеше халықаралық байқауларда номинацияларға ілініп, әлем үздіктерімен сайысқа түскен. Тамыз айында TC Candler деп аталатын тәуелсіз сұлулық сарапшылары "Азияның ең әдемі бейнесі" номинациясы бойынша Димаш Құдайбергеннің кандидатурасын ұсынған. Былтырғы жылы да ол TC Candler сарапшыларының ұсынысымен ең әдемі деген 100 адамның қатарына еніп, соңынан санағанда оныншы орынға табан тіреді.
Биылғы жылдан бастап қазақстандық әншінің dimashinfo.com деп аталатын жеке сайты іске қосылды. Бұл сайт өнер иесінің тыңдармандарына, шығармашылығына қызығушылық танытқан жандарға арналады. Талантты әншінің өмірі мен шығармашылығынан хабар беріп отыратын бұл жоба бұрыннан бері сұраныста жүрген болатын.