Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дикий Арман мен Қайрат Құдайбергеннің соты қатысушылардың қауіпсіздігі үшін жабық режимге ауыстырылды

Қаңтар оқиғасына қатысты қамауға алынған Арман Жұмагелдиев пен Қайрат Құдайбергеннің соты қатысушылардың қауіпсіздігі мақсатында жабық режимде өтеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

сот Арман мен Қайрат
Дикий Арман мен Қайрат Құдайберген және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау 21 қыркүйекте аяқталды. Сотталушылардың жалпы саны 45 адам.

“Оларға "Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану" (ҚК 362-бабы), ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және оған қатысу (ҚК 262-бап), қарақшылық шабуыл (ҚК 191-бап), заңсыз бас бостандығынан айыру (ҚК-нің 126-бабы), 2022 жылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оларға қатысу (ҚК 272-бап), бандитизм (ҚК 268-бап) бойынша айыптар тағылды”, – делінген хабарламада. 

Отырыс барысында сотқа процеске қатысушылардан сотталушыларға қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту және жою, қылмыстық істі қайтару және тоқтату, жақын туыстарын қорғаушы ретінде тану туралы жүзден астам өтінішхат түскен. 

“Сондай-ақ іс бойынша 10 жәбірленуші, 1 куә және 1 сотталушы тарап, сот отырысын жабық түрде өткізуді сұрады. Олар өз өмірлері мен отбасылары мен жақындарының қауіпсіздігі үшін қауіптенетінін айтқан. Бұл өтініштерді сот қанағаттандырды”, – деп қосты сот өкілдері. 

Басты сот отырысы ағымдағы жылдың 6 қазанына белгіленген.

Еске салайық, Арман Жұмагелдиев пен экс-депутат Қайрат Құдайбергеннің ісіне қатысты алдын ала сот тыңдалымы 14 қыркүйекте басталған еді. Тыңдалым ашық режимде өткенімен, Арман Жұмагелдиев, ҰҚК 5-департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов, Талғат Мақатов пен Бекзат Үсенов ҰҚК департаментінің тергеу изоляторынан онлайн режимінде қосылды.

Көп ұзамай жәбірленушілер мен куәгерлер өздеріне қоқан-лоқы көрсетілгенін және өз өмірлері мен жақындарына қауіп төнуі мүмкін екенін мәлімдеген. Сондықтан судьяға сотты жабық режимде қарау туралы өтініш жолдады. 

Талқылау