Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Олар адам емес": Депутаттар зорлық-зомбылық туралы заң жобасына химиялық кастрация енбегеніне ашулы

Мәжілістегі заң жобасы таныстырылымы кезінде депутат Елнұр Бейсенбаев енді педофилдерге қатаң жаза – өмір бойы бас бостандығынан айыру тағайындалатынын айтып, бірақ заң жобасында химиялық кастрация қарастырылмағанына наразылығын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Мәжіліс

"Сонымен қатар біз фракция атынан педофилдерді хирургиялық кастрациялау туралы түзету енгізуді ұсындық. Үкімет оған бей-жай қарап, түзетуді қабылдамады. Олар бұл адам құқықтары жөніндегі конвенцияға қайшы келеді деп сылтауратты. Біріншіден, бұған нақты дәлел жоқ. Себебі көптеген Еуропа елінде хирургиялық кастрация бар. Біз кастрацияны барлық педофилге қолдану керек демейміз. Оны сот шешеді. Егер қылмыс ерекше қатыгездікпен жасалса, кастрация қажет", – деді Елнұр Бейсенбаев.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха кастрация туралы шешім қабылдау ведомство құзыретіне кірмейтінін айтты. Оның сөзінше, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы бар болғандықтан кастрация қарастырылмаған. 

"Білмеймін, мәселені қосымша талқылау қажет. ІІМ мүлдем қарсы деп айта алмаймын. Өйткені біз жазалаушы орган ретінде кез келген қатаңдату бастамасын қолдаймыз", – деді Игорь Лепеха.

“Министрлікке жүгінген жағдайда олар депутаттардың ұстанымын қолдайды”, – деп түйіндеді ол.

Сонымен қатар мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы да педофилдерге химиялық кастрация жасауды енгізу кезек күттірмейтін мәселе екенін атап өтті. 

“Одан соң 16 жасқа дейінгі балаға жыныстық сипатта тиіскені үшін 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 40 күн қамаққа алу деген норма өте аз. Өйткені оның арты немен бітетінін білмейміз. Айталық, педофил өзінің арсыз әрекетін жасамаса да, мүмкін адам келіп қалған шығар немесе үлгермей қалған болар. Соған бола оған 40 күндік қамақ немесе 200 сағат жұмыс дегенді әлі де қатаңдатуымыз керек деп санаймын”, – деді мәжілісмен.

Талқылау