Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қысым жасалмауы керек": Депутаттар Тина Канделакидің Қазақстанға қатысты мәлімдемесіне жауап берді

Мәжіліс депутаттары ресейлік тележүргізуші Тина Канделакидің Қазақстанда орыс тілінің ығыстырылуына қатысты мәлімдемесіне мемлекеттік деңгейде жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: m24.ru

Депутат Константин Авершин Тина Канделакидің кім екенін білмейтінін және оның мәлімдемелерінен бейхабар екенін айтты.

"Мемлекеттік тілді дамыту жолындағы кез келген қадам осылай қабылданады. Біз өз егемендігімізді алдық, өз территориямызда қажет деп тапқан нәрсені жасауға құқығымыз бар деп есептеймін. Егер бұл сөздерді қандай да бір беделді адам айтса, пікір білдіруге болатын еді", – деді Авершин.

Депутат Мақсат Толықбай Қазақстан халқының 70%-дан астамын этникалық қазақтар құрайтынын және қазақ тілі еліміздің байырғы тұрғындарының басым бөлігі сөйлейтін тіл екенін атап өтті.

"Бізде ортақ тіл болуы керек. Біз осыған келе жатырмыз. Біріншіден, мемлекеттік қызметкерге қазақ тілін білу міндетті болуы керек, өйткені халқымыздың 70%-дан астамы қазақтар. Біз ешкімге қысым көрсетпейміз. Бірақ Конституцияда тек мемлекеттік тілді қалдыру мәселесін көтеретін кез келді. Біз қазір нақты уақытын айта алмаймыз, бірақ тіл мәселесін көтереміз", – деді Мақсат Толықбай.

Тина Канделакидің Қазақстан туралы мәлімдемесін оқымағандар қатарында депутат Ирина Смирнова да бар.

"Бұл адамның жеке пікірі. Оның Қазақстанға қандай қатысы бар? Ол осында болып көрді ме? Шын мәнінде, ешкім ештеңені ығыстырмайды. Мен парламентте жұмыс істеймін, орыс тілінен қазақ тіліне және керісінше аудармаларды қолданамын. Мені ешкім қуып жатқан жоқ, қай тілде сөйлеуім керек екенін ешкім айтпайды. Біздің елде орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі, қазақ тілі мемлекеттік тіл болып белгіленген. Біз бірнеше тілді қолданатын жалғыз ел емеспіз және бұл барлығына қолайлы. Мен ешқандай ығыстыруды сезінбеймін", – деді Ирина Смирнова.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Тина Канделаки қалағанын айта алады дейді.

"Көпшіліктің мүддесіне қысым жасалмауы керек, халқымыздың басым бөлігі қазақ тілінде сөйлейді деп есептеймін. Динара Сәтжанның Тина Канделакиге берген жауабын қолдаймын. Әрбір патриот осы ұстанымды берік ұстанып, мемлекеттік тілдің мүддесін қорғауы керек", – деді Бапи.

Еске салсақ, бұған дейін ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки әлеуметтік желіде жазба жариялап, “Қазақстанда орыс тілі мемлекеттік деңгейде ығыстырылып жатыр" деп айыптаған еді.

Талқылау