Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дәулет Тұрлыхановтың ерлі-зайыптыны соққыға жыққан баласына қатысты сот үкімі өзгерді

Жоғарғы сот алқасы ерлі-зайыпты заңгерлер Черновтарға шабуыл жасаған Болат Нұрасылдың ісін қайта қарап, оған жаңа жаза тайындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: видеодан скриншот

2023 жылдың қазан айында депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Болат Нұрасыл адвокаттар Олег Чернов пен Анна Чернованы соққыға жыққаны үшін сотталды. Алматы гарнизоны әскери сотының үкімімен оған 500 АЕК (1 725 000 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ жәбірленушілердің пайдасына әрқайсысы 500 мың теңге моральдық шығын және өкілдің қызметіне 1 600 000 теңге өндірілді. Алайда жәбірленушілер жазаға риза болған жоқ.

Кассациялық сот отырысы жәбірленушілердің өтінішхаты бойынша өтті. Олар сот актілерін өзгертіп, оған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Апелляциялық саты сот үкімін өзгертіп, Болаттан жәбірленушілердің пайдасына апелляциялық сатыдағы сотқа қатысу үшін өкілдің қызметіне 400 000 теңге көлемінде шығын өндірілді.

“Қылмыстық істі қарау нәтижелері бойынша Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сот актілерін өзгертіп, Болатқа 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ әрқайсысына 1 миллион теңгеге дейін моральдық залалдың өтемақы мөлшері өсті”, – деп мәлімдеді Жоғарғы сот.

Анна Чернова бұл шешімге көңілі толатынын айтты.

“Оған пробациялық бақылауды қамтамасыз ету жүктелген. Демек ол шетелге шыға алмайды, клубтар мен барларға бара алмайды, ішімдік ішіп, басқа да қылмыстарды жасай алмайды. Пробация қызметіне хабарлап, сағат 23.00-де үйде болуы керек. Егер ол осы шарттарды бұзса, сот шартты жазаны нақты мерзімге ауыстырып, ол жазасын колонияда өтейді.

Біз бұл үкіммен келісеміз және қолдау көрсеткендердің барлығына алғыс айтамыз”, – деді ол.

Айта кетсек, ақпан айында заңгер Анна Чернова күйеуі Олег Чернов екеуін Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл соққыға жыққанын мәлімдеді. Көп ұзамай оның үстінен ҚР ҚК-ның 293-бабы “Бұзақылық” бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Кейін депутат ұлының жасаған іс-әрекетіне қатысты пікір білдірген еді. 

Талқылау