Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Айдос Сарым Тоқаевтың жиені не себепті депутат болғанын түсіндірді

Айдос Сарым Дана Медеуова
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі/Видеодан скрин

Депутат Айдос Сарым мемлекет басшысының жиені Дана Медеуованың Құрылтайға сайлануына қатысты пікір білдірді. Ол мұны жоғарыдан тағайындау емес, ашық сайлаудың нәтижесі деп атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Айдос Сарым президенттің жақын туысының депутаттыққа келуі Конституцияға қайшы емес екенін атап өтті.

“Конституция бойынша, әр азамат қоғамдық, саяси және басқа да қызметпен айналысуға, саяси партияға мүше болуға, саяси партия атынан Парламентке немесе Құрылтайға сайлануға толық хақы бар. Бұл жерде президент ешкімді тікелей тағайындап жатқан жоқ. Дана Медеуова – “Әділет” партиясының құрылтайшыларының бірі, орталық кеңесінің мүшесі. Осы қызметке келгенге дейін қоғамдық жұмыспен, қайырымдылықпен айналысқан. Оның өзінің аудиториясы бар. “Әділеттің” жеңісіне қосқан үлесі бар”, – дейді депутат.

Сондай-ақ ол Дана Медеуованың дипломатия саласында, мұғалім болып жұмыс істегенін атап өтті. Айтуынша, депутаттың мамандығы – халықаралық ақпараттық қауіпсіздік. 

Медеуованың Қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне енуіне оның кәсіби білімі себеп болған.

“Ол – ғылым докторы, профессор. Тоғыз жыл бойы Абай атындағы ҚазҰПУ проректоры қызметін атқарған. Сонымен қатар дипломатия саласында жұмыс істеген және халықаралық медиақауіпсіздік мәселелеріне маманданған. Қазіргі геосаяси жағдайда халықаралық қауіпсіздік мәселелері ақпараттық тұрақтылық пен медиа саласымен тығыз байланысты. Сондықтан оны тек "президенттің туысы" ретінде көрсету — оның өз еңбегін елемеу әрі сайлаушылардың таңдауын құрметтемеу деген сөз. Мұндай жағдайлар біреуді сынауға себеп болмауы керек. Керісінше, өзгелерді де қоғамға белсенді қызмет етуге ынталандыруы тиіс”, – дейді ол.

Сол себепті депутат мұндай бағыттағы маманның Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде жұмыс істеуі толықтай қисынды әрі орынды деп санайды. 

Айдос Сарым Дана Медеуова туралы ақпараттың жоқтығына қатысты сұраққа да жауап берді. Айтуынша, барлық депутаттың өмірбаяны алдағы уақытта жарияланады.

“Құрылтайдың сайты кеше ғана іске қосылды. Онда барлық депутаттың өмірбаяны, түйіндемесі, қай комитетте жұмыс істейтіні туралы ақпарат жарияланады. Ғылыми атақтары, еңбектері және басқа да мәліметтері де көрсетіледі”, – деді депутат.

Ол саяси бәсекелестік нақты істер мен ұсынылған идеялар негізінде жүруі керегін атап өтті. Сондай-ақ Құрылтай сайлауында шешімді халық қабылдағаны және халықтың таңдауына құрметпен қарау қажет екенін еске салды.

 

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 02 Қыркүйек, 2026 11:29