Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жарнасын өсіру туралы ойдан бас тартпақ емес – Депутат

Денсаулық сақтау министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аударымдарын есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы табыстың жоғарғы шегін бес есе ұлғайтуды ұсынған еді. Бұл заң жобасы 7 ақпанға дейін жария түрде талқыға түсті. Алайда министрлік жарна мөлшерін өсіру туралы ойынан қайтпақ емес. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pixabay.com/ Stan.kz

Amanat партиясы фракциясынан сайланған мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов министрліктің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) мен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) жарнасын көбейту идеясынан бас тартпайтынын мәлімдеді. 

Осы қаржының есебінен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына шамамен 250 миллиард теңге қосымша қаражат жіберіледі. Сондай-ақ ол азаматтардың ақылы емделуге кететін шығыны 27,7%-дан 31,1%-ға дейін өскенін атап өтті. 

“Азаматтардың міндетті медициналық сақтандырудың енгізілуіне байланысты медициналық көмекке жұмсалатын жеке шығыны азаюдың орнына, керісінше өскен. Бөлінетін қаржының аздығына байланысты азаматтардан түсетін жарналарды көбейткісі келетін министрлік әуелі республикалық бюджет жыл сайын қорға белгілі бір азаматтар санаты үшін аударатын жарналардың аздығын ескеруі керек. Тек 2024 жылдың өзіне 275 миллиард теңге шығып тұр. Ал бұл жарналарды көбейту арқылы азаматтардан алынғалы отырған қаражаттан әлдеқайда көп. Осы салалардан қор іздеу керек еді”, – дейді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ депутат цифрландыруды жүзеге асырып қана қоймай, қажетсіз шығынды қысқартып, анализ бен дәрі-дәрмектерге  байланысты шектен тыс қымбат емдеу хаттамаларын қайта қарау керек екенін айтты. 

Бұған дейін МӘМС жарнасы бес есеге ұлғаятынын естіген қазақстандықтар заң жобасына қарсы шыққан еді.

Талқылау