Денсаулық сақтау министрі бірінші тоқсанда оқушылардың мектепке оқуға баруына қарсы шықты
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қашықтан оқыту жалғасатынын мәлім етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Министр наурыз айынан бері 2418 бала коронавируспен ауырғанын мысалға келтіре отырып, қазіргі күні неліктен дәстүрлі білім жүйесіне көшуге болмайтынын атап өтті.
"Біріншіден, жабық ғимараттарда адамдардың жаппай жиналуы індеттің таралуына жол ашады. Екіншіден, ДДСҰ-ның мәліметіне орай, 12 жасқа дейінгі балалар да ауруды тасымалдаушы болып табылады. Ал 12 жастан асқан балалар - инфекцияның белсенді таратушылары. Бұған қоса оқушылар айналасындағыларға, үйдегілерге ауруды жұқтырады. Олардың қатарында созылмалы аурулары бар және 60 жастан асқан тұрғындар болуы мүмкін", - дейді шенеунік.
Бұған қоса ол мектеп қабырғаларында оқушылар арасында сақтық шараларын тұтастай сақтау мүмкін еместігін алға тартты.
"Әсіресе, кіші сынып оқушыларын бір кабинетте ұстау өте қиын. Мектептер ашылса, аурудың қайтадан өршіп кетуі ғажап емес. Төртіншіден, егер білім беру орындарында инфекция табылса, онда оқушылармен байланыста болған адамдардың саны да артып кетеді. Мәселен, бір оқушы ауырып қалса, ұстазбен бірге бүкіл сыныпты карантинге жабу қажет болады. Оған қоса сол баланың отбасы тағы бар. Бесіншіден, біз шетелдік мектептердегі жағдайды бақылап отырмыз. Дәстүрлі білім жүйесіне көшкен елдерде коронавирус ахуалы қайта асқынып отыр", - деп қосты Цой.
Министр коронавирустың қайта өршуі байқалған мемлекеттерге Германия, АҚШ, Англия және Польшаны мысалға келтірді. Сөзінше, бұл елдерде білім беру ошақтары жаппай карантинге жабылуда.
"Алтыншыдан, мектепте оқып жүрген оқушылардың жағдайына баға беру үшін 14 күн инкубациялық мерзім өткен жоқ. Жетіншіден, күзде таралатын ЖРВИ және тұмау эпидемиясы жайлы ұмытпау қажет. Ал бұл ауруларға шалдыққан балалардың иммунитеттері әлсіреп кеткендіктен олар коронавирус жұқтыруға бейім келеді", - дейді министр.
Айтуынша, бірінші карантин аяқталғаннан кейін кезекші бөлім бойынша жұмыс істейтін балабақшаларды қайта ашқан шақта эпидемиялогиялық жағдай қайта ушығып кеткен. Министр осы жағдайды ескере отырып, оқу жылының бірінші тоқсанында балалар білім алуды қашықтан оқыту бойынша жалғастырғаны дұрыс екенін тілге тиек етті.