Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Денсаулық сақтау министрі 11 жасар қыздарға папилломавирусқа қарсы екпе қалай жүргізілетінін айтты

Жаңа оқу жылынан бастап 11 жасар қыздар папилломавирусқа қарсы екпені тегін алады. Мәжілісте өткен брифингте денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният осы мәселеге тоқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ажар Ғинияттың мәлімдеуінше, былтыр онкологиялық аурулардың алдын алу мақсатында көп бағдарлама қабылданды.

"Жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алу мақсатында биылдан бастап елімізде қыздарды адам папилломавирусына қарсы вакциналау енгізіледі. 11 жасар қыздардың ата-аналарынан екпе салдырып, болашақта балаларын аурудан қорғау сұралады. Әрине, екпе ата-аналардың келісімімен егіледі", – деді министр.



Оның айтуынша, 170 мың қыз балаға екпе салынуға тиіс. Жұмыс мектептерде, екпе кабинеттерінде жүргізілмек. Министр дәрігерлердің қандай вакцинаны қолданатынын айтпады, өйткені ол әлі сатып алынбаған.

Ол, сондай-ақ, ұл балаларға 2025 жылы вакцина егілуі мүмкін екенін айтты.

"Егер қоғам қолдап, ұл балаларға да екпе алу керек десе, келесі жылы сіздердің барлық ұсынысыңызды ескереміз", – деді Ғиният.

Жатыр мойны қатерлі ісігі Қазақстан әйелдері арасында жиі кездесетін қауіпті аурулардың бірі болып саналады. Бұл аурудың алдын алу жолы тек – вакцина. Папилломавирус ұлдар мен ерлерге соншалықты қауіпті емес. Бірақ олар әйелге жұқтыра алады. Содан жатыр мойыны қатерлі ісігі пайда болуы мүмкін.

Бұған дейін Қазақстанда 2024 жылдан бастап 11 жасар қыздарға адам папилломавирусына қарсы вакцина салынатыны айтылған.

Талқылау