Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Денсаулығым мен өміріме қауіп төнді": FlyArystan жолаушының мүгедектерге арналған арбасын багажға салуға рұқсат бермеген

FlyArystan авиакомпаниясының қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі жолаушыға мүгедектер арбасын багажға тапсыруға рұқсат бермеді. Бұл туралы Facebook желісінде жолаушы Нияз Сүндетәлиевтің өзі жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"29 тамызда Алматы әуежайында FlyArystan әуе компаниясының қызметкерлері менің мүгедектерге арналған арбамды бортқа өткізгісі келмеді. Біз сағат 23:05-те ұшуымыз керек еді, бірақ рейс шегерілді, сөйтіп 02:35-те ғана ұштық, оның себебін түсіндірмеді. Жүкті өткізу кезінде әуе компаниясының қызметкері арбаны ұшаққа өткізбейтінін айтты, өйткені мен клемма мен басқару пульттерін өзім өшіруім керек екен. Бірақ аяғымның саусақтары қозғалмаса, мұны қалай жасаймын?", - деп жазды Нияз Сүндетәлиев.

Жолаушы 26 тамызда Қарағандыдан Алматыға FlyArystan ұшағымен және дәл сол арбамен еш қиындықсыз ұшып келген.

"Жарты сағат бойы олар менің арбамды не істеу керегін анықтай алмады. Осыншама уақыт бойы өзіме мүлдем ыңғайсыз, бас тірегі, берік арқасы және жұмсақ орындығы жоқ мүгедектер арбасында отыруыма тура келді. Мен салмын, арқамды тіке ұстай алмаймын. Бірінші топтағы мүгедекпін, маған кез келген мүгедектер арбасы жарамайды, ол қауіпсіз пайдалануға арналған барлық құрылғысы бар арнайы мүгедектер арбасы болуы керек. Осыншама уақыт мүгедектер арбасында бүгіліп отырдым, денсаулығым мен өміріме қауіп төнді", - деді жолаушы.

Нияз Сүндетәлиев бес күн бұрын әуе компаниясына екі рейс жасайтынын, мүгедектер арбасын пайдаланатынын және ұшу кезінде көмекке мұқтаж екенін хабарлаған.

"Әуе компаниясы мұның бәрін ескерді, бірақ... соңына келгенде мен Қарағандыға ұшып кеттім, арбам Алматыда тіркеу үстелінде қалды. Қазір үйдемін, адамдармен кездесуге, өзім шығып таза ауа жұтуыма мүмкіндігім жоқ. Кездесуімнің бәрін шегеруге тура келді. Ал FlyArystan компаниясының қызметкерлерін сал бола тұра, Қарағанды ​​әуежайынан үйге қалай жететінім алаңдатқан жоқ", - деп жазды Нияз Сүндетәлиев.



Азаматтық авиация комитеті бұл оқиғаға тексеру жүргізетінін айтты.

"Әуе компаниясы тарапынан заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, комитет қолданыстағы заңнамада көзделген шараларды қабылдайды. Жұмыс қорытындысы бойынша жауап беріледі", - деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Сонымен қатар, авиакомпанияның баспасөз хатшысы Ләззат Нәбиева әлеуметтік желілерде авиакомпания арабаны тасымалдаудан бас тартпағанын мәлімдеді, өйткені броньда жолаушының ерекше қажеттіліктері көрсетілген.

"Алайда, тасымалдау ережелеріне сәйкес, әуекомпания қызметкерлері клемма мен басқару пульттерін өшіре алмайды - жолаушылар мұны өзі жасайды. Мұны қызметкерлер айтып, бәрін ережеге сәйкес жасауды сұрады. Өкінішке қарай, жолаушы басқару пультін ажыратудан бас тартты. Сондықтан оның мүгедектер арбасын багаж бөліміне тиеуге рұқсат етілмеді", - деп жазды Ләззат Нәбиева.

Ол жолаушылардан ұшу ережелерін сақтауды сұрады.

Талқылау