Дені сау және жұмыс істеуге қабілетті азамат пәтер алуға қаржыны өзі жинауы керек – Министр
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев дені сау және жұмыс істеуге қабілетті азамат пәтер алуға қаржыны өзі жинауы керектігін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тұрғын үй бағдарламасын реформалау туралы заң жобасын талқылау барысында депутат Дәулет Мұқаев министрге жастарға арналған ипотекалық бағдарламаларды қайта қарау мәселесін ұсынды.
"Астана, Алматы және Шымкентте жастарға бес жылға пәтер берілді. Оларда осы уақыт ішінде қаражат жинауға мүмкіндік болды. Алайда пандемия басталып, көпшілігі жұмыссыз қалып, кезектен шықты. Бұл бағдарлама 29 жасқа дейінгі азаматтарға арналды. Қазір жасын 35-ке дейін көтердік. Енді осы азаматтар әкімдіктердің табалдырығын тоздырады. Ол кісілерге ипотека бойынша алғашқы жарнаны (50% ) жинап, төлеу өте қиын. Бұл қалаларда пәтер бағасы қатты өсті. Жастар тегін пәтер сұрап жатқан жоқ", - деді Дәулет Мұқаев.
Осылайша ол "Алматы жастары" мен "Елорда жастары" бағдарламаларының шарттарын өзгерту мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Министр бұл мәселе бойынша мемлекеттің ұстанымы айтарлықтай берік болуы қажеттігін жеткізді.
"Бұл пәтерлерде тұратын дені сау жастарды жетім балалармен, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен салыстыратын болсақ, мемлекет баспана беруде әлеуметтік осал топтарға басымдық беруі керек", - деді Қанат Шарлапаев.
Депутат Дәулет Мұқаев 200 мың теңге жалақымен жастарға бастапқы жарнаны төлеу қиынға соғатынын баса айтты.
"Дені сау және жұмыс істеуге қабілетті азамат пәтер алуға қаржыны өзі жинауы керек. Әркімнің жағдайы әртүрлі екенін түсінемін. Бірақ мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі адамдар, жетім және мүгедектігі бар балаларды қолдау керек деп ойлаймын", - деді министр.
Сондай-ақ министр бүгінде ипотекалық бағдарламалар жеткілікті екенін, қаржылық сауаттылық пен ақша үнемдеу қажеттігін баса айтты.