Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Денесінің 80%-ын күйік шалған": Астанада үш адамды құтқарған өрт сөндіруші комаға түсті

16 қарашада Астана қаласындағы тұрғын үй кешенінен өрт шығып, отқа оранған пәтерден 5 адам құтқарылған еді. Алайда өрт сөндірушілердің бірі пәтерден тұрғындарды шығару кезінде жарақат алып, комаға түскен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

өрт сөндіруші

Өрт "Қаһарман" тұрғын үй кешенінде 11-қабатта тұтанған. Өрт сөндіру қызметкерлері 5 адамды құтқарып, тағы 10 адамды эвакуациялады. Нәтижесінде екі адам мен бала улы газға уланып, ауруханаға түскені хабарланған. 

Алайда Батыржан Ибрагим есімді желі қолданушысы жалынды сөндіруге қатысқан өрт сөндірушінің ауыр жағдайда екенін мәлімдеді. Айтуынша, ол үш адамды пәтерден алып шыққан, бірақ 80%-ын күйік шалған. 

"Қазір жағдайы өте ауыр. Батыр жігіттің есімі – Асқар. Өрт сөндіру қызметінде жұмыс істейді. Үйінде келіншегі мен екі кішкентай балапандары барша қазақ елінен тек дұға етіңіздерші деп сұрап отыр. Аман болсыншы. Ол үйдегі өртке жоғарғы қабаттан кіру үшін қорғаныш киімін шешіп, тек дем алу аппаратын ғана алған. Үйден 80 жастағы әжені, 22 жастағы немересін және көрші пәтерде балконға тығылып қалған 10 жасар баланы өрттен аман алып қалған. Асқар – бүгінгі күннің батыры. Қазір келіншегінің қолында Асқардың сағаты ғана қалды. Асқардың өмір сағаты тоқтамасын деп тілейікші", – деп жазды ол.

Айта кетейік, бұған дейін Астана қаласы ТЖД өртке қарсы қызметінің баспасөз хатшысы Аягөз Фазылова екі өрт сөндірушінің ауруханаға түскенін мәлімдеген. Екінші өрт сөндірушінің де денесін күйік шалған. 

Талқылау