"Денесін қайтаруын талап етемін": Алексей Навальныйдың анасы тергеушілердің қысым көрсетіп, ұлының жаназасын құпия өткізуді талап еткенін айтты
Алексей Навальныйдың анасы ұлының денесін көрсеткенін алайда оны әлі бермей жатқанын айтты. Құжаттарда оппозиционердің табиғи себеппен көз жұмғаны көрсетілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скриншот
Навальныйдың анасы Людмила X желісінде видео хабарлама жазды. Ол бір күн бұрын өзін жасырын түрде мәйітханаға апарып, ұлының денесін көрсеткенін жеткізді.
"Тергеушілер өлімнің себебін біледі. Оған барлық медициналық және заңды құжаттарды дайындап қойған. Мен өлім туралы медициналық куәлікке қол қойдым. Заң бойынша, олар маған Алексейдің денесін бірден беруі керек еді. Бірақ осы уақытқа дейін бермей отыр. Тіпті олар мені бопсалап, түрлі шарттар қоюда. Олар Алексейдің қайда, қашан және қалай жерленетіні жасырын болуын талап етуде”, – деді Людмила.
Навальныйдың анасы жасырын жерлеуге келіспесе, олар оның денесіне бірдеңе жасайтынын айтқан екен.
“Олар жерлеу рәсімі құпия өткенін қалайды. Олар мені соңында белгісіз бір зират басына апарып, “ұлыңыз осы жерде” деп айтқысы келеді. Мен мұнымен келіспеймін. Алексеймен бірге болған әрбір жанның оны соңғы сапарға шығарып салып, қоштасуына мүмкіндігі болғанын қалаймын. Қазір олар мені бопсалап, жаназаны құпия өткізуге келіспесем ұлымның денесіне кесірі тиетінін айтты. Мен ешқандай ерекше рәсім сұрап отырғаным жоқ. Тек бәрі заңды түрде орындалуын қалаймын. Мен ұлымның денесін тез арада қайтаруын талап етемін", – деді оппозиционердің анасы.
Еске салсақ, бұған дейін Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың жақтастары оның денесі Салехардта да, Лабытнанга мәйітханасында да жоқ болып шыққанын айтқан еді.