Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Денем толығымен уатылып кеткен": Қол-аяғы жоқ ақтөбелік азамат маркетинг бойынша сабақ беріп жүр

Үш жыл бұрын орын алған оқиғадан кейін ақтөбелік азамат қолы және аяғынан айырылған. Дегенмен, оны ешкім "мүгедек" деп атамайды. Бүгінде ол маркетинг бойынша сабақтар өтіп, жарымен бірге аниматор болып жұмыс істейді, деп хабарлайды  Stan.kz ақпарат агенттігі Astana телеарнасының жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап. 

Саламат

Үйіне асыққан Саламат Болатов пойыз жолын кесіп өтпек болған. Алайда аяғы рельстің ортасына қысылып, пойыздың астына түскен. 

"Аяғым сынды, қолым ол кезде болмады. Басымды көтеріп, өзіме қарамадым. Денемнің толығымен уатылып кеткенін көрдім. Біраз уақыттан соң жедел жәрдем қызметі келді. Ауруханаға жатқызған соң, маған ота жасаған дәрігер шығып, отбасыма менің тірі қалмайтынымды айтқан. "Молданы шақырып, құран оқытыңдар" деген", – дейді Саламат Болатов. 

Алайда бір айлық емнен соң Саламаттың денсаулығы қалпына келе бастаған.

"Шыдамымның таусылған кезі мынау еді. Нотариусқа бардық, бірақ арбаға арналған пандус болмағандықтан, мені сыртта қалдырып кетті. Далада отырған едім, өтіп бара жатқан жас жігіт маған тиын-тебен тастап кетті. Бұл мені қатты ашуландырды. Осы кезде мен өмірлік сабақ алдым. Енді бұлай өмір сүрмеймін деп шешім қабылдадым", – деп қосты ол. 

Саламат бір аптада протезге үйренген. Ал бір жылдан кейін өмірлік жарын кездестірді. Қазір Ольгамен бірге аниматор болып жұмыс істейді. Сонымен қатар маркетинг бойынша сабақтар өтіп, арбаға таңылған жандарға қоғамнан өз орнын табуға көмектесіп келеді. Үш ай бұрын ғана оның тобында 3 адам болса, бүгінде олардың саны 20-дан асқан. 

Саламаттың қазіргі арманы – бионикалық протез. Ол буынның орнын алмастырып, қолына заттар ұстауға мүмкіндік бермек. Қымбат протезге қаржысын жинай алатынына жас жігіт сенімді. Бұған қазақстандықтар да көмектеседі деп үміттенеді. 

Назархан Уән
Сейсенбі, 05 Қазан, 2021 18:15
Талқылау