Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дельфиндер туралы 7 қызықты дерек

Кез-келген саналы жаратылыс иесін табу - адамзаттың ертеден келе жатқан арманы. "Ғаламда жалғызбыз ба?" деген сұраққа жауап алу үшін адамзат ғарыш кеңістігін зерделейді. Ал егер саналы жаратылыс иелері дәл қасымызда болса және біз оларды байқамасақ ше?

Дельфиндер балық емес

Дельфиндер суда өмір сүретініне және басқа теңіз тұрғындарына ұқсайтынына қарамастан, олар адамдарға сана сезімі жағынан жақын болып келеді. Дельфин - бұл жылықанды жануар, ол ұрпағын дүниеге әкелісімен сүтпен қоректендіреді және ұрық шашпайды. Оның қабыршықтары болмайды, оның орнына денесі тегіс және нәзік терімен жабылған. Тіпті қанатшалары да ерекше. Дельфиндердің қанатшаларында балықтікімен салыстырғанда иық сүйектері және саусақтардың салаларына ұқсас нәрсе бар. Бәлкім, дельфиндер бір кездері құрлықта өмір сүрген болар, бірақ эволюция барысында олар теңізге оралған.

Ми

Ересек дельфиннің миы шамамен 1700 граммды құрайды, ал адамдарда ол 1400 грамм болады, бірақ мидың көлемінен гөрі, оның құрылысы маңыздырақ. Магнитті-резонанстық томографта бұл жануарларды зерттеу нәтижесі дельфиннің ми қыртысындағы жүйке жасушалары мен қатпарларының жалпы саны адамдардікіне қарағанда көп екенін көрсетті.

Тілдесу

Дельфиндер ысқырық немесе тырсыл тәріздес әр түрлі жиіліктегі дыбыстық сигналдарды қолдана отырып бір-бірімен тілдеседі. Соңғы ғылыми деректерге сәйкес, дельфиндер шамамен 14000 түрлі дыбыстық сигналдарды қолдана алады, олар қарапайым адамның сөздік қорына сәйкес келеді. Әрбір дельфиннің өз есімі болады. Бұл есім дельфин дүниеге келе салысымен отармен тағайындалып, өмір бойы сақталатыны анықталды.

Әдеттер

Дельфиндер әдетте жалғыз өмір сүрмейді. Олардың отары күрделі әлеуметтік құрылымға ие, онда әрқайсысының өзіндік орны бар. Дельфиндер қозғалғыштығы және аса жоғары қызығушылық мінез-құлқымен сипатталады.



Көптеген жабайы жануарлар адамдардан аулақ болады немесе агрессия көрсетеді, ал дельфиндер адамдармен, әсіресе балалармен ойнағанды жақсы көреді. Олар адамдарға ғана емес, кейбір басқа жануарларға да мейірімділік танытады. Осы уақытқа дейін адамға дельфин шабуылының бірде-бір жағдайы тіркелмеген. Керісінше адам дельфиндерге үнемі шабуыл жасайды.

Дельфиндер жылдамдығының құпиясы

1936 жылы британдық зоолог сэр Джеймс Грей (Sir James Gray) дельфиндердің үлкен жылдамдыққа (сағатына 37 км дейін) ие болатындығын байқаған. Қажетті есептеулер жүргізе отырып, Грей гидродинамика заңдарына сәйкес дельфиндердің бұлшықет күшімен мұндай жоғары жылдамдыққа жету мүмкін емес екенін көрсетті. Бұл тылсым жұмбақ "Грей парадоксы" деген атауға ие болыпты. Оның шешімін іздеу әлі күнге дейін жалғасуда. Әр түрлі уақытта алуан түрлі зерттеу топтары дельфиндердің феноменалды жылдамдығы туралы әртүрлі түсіндірулер жасаған, бірақ бұл сұраққа нақты және жалпыға бірдей жауап әлі табылмады.

Қайта қалпына келтіру мүмкіндігі

Дельфиндер өздерін емдейтін керемет қабілетке ие. Қандай да бір жарақат алған жағдайда, тіпті үлкен жара болса да, олардан қан кетпейді және инфекциядан өлмейді. Оның орнына, олардың денесі тез қалпына келе бастайды, сондықтан бірнеше аптадан кейін терең жараның орнында, мысалы акуланың тістерінің іздерінен байқалатын тыртықтар қалмайды. Бір қызығы, зардап шеккен жануарлардың мінез-құлқы қалыпты жағдайдағымен бірдей болады екен. Бұл дельфиндердің жүйке жүйесі төтенше жағдайларда ауырсынуды тежеуге қабілетті екенін көрсетеді.

Ресми мойындау

Жақында Үндістан үкіметі дельфиндерді жануарлар санатынан шығарып, оларға «адамзат баласына жатпайтын тұлғалар» деген мәртебе берді. Осылайша, Үндістан дельфиндерде интеллект пен өзін-өзі танудың барын мойындаған алғашқы ел болды. Осыған байланысты Үндістанның Қоршаған орта және орман шаруашылығы министрлігі дельфиндерді қолданатын барлық қойылымдарға тыйым салып, олардың ерекше құқықтарын ұстануға шақырды.

Талқылау