Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Коронавирустың мутациясына байланысты пандемияның үшінші толқыны келе жатыр

Бастапқыда Ұлыбританияда табылған жаңа коронавирустық мутация COVID-19 пандемиясының үшінші толқынын тудыруы мүмкін. Бұл туралы профессор, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) сарапшысы және халықаралық тропикалық медицина федерациясының президенті Сантьяго Мас-Кома айтты.

Мас-Кома қазіргі уақытта Еуропада, Азияда және Солтүстік Америкада бірқатар елдерде тіркелген SARS-CoV-2 жаңа түрінің таралуын тоқтатуға тырысу өте кеш екенін баса айтты.

"Бұл жаңа штам Еуропадағы пандемияның үшінші толқынын тудыруы мүмкін", - дейді ғалым.

Ол ақпан айында Италияда табылған мутантты штамм Қытайдан тыс жерде пандемияның алғашқы толқынын тудырғанын еске салды. Сарапшының сөзінше, кейбір зерттеулер Еуропадағы пандемияның екінші толқыны Испанияның солтүстігіндегі жеміс жинаушылар арасында таралған штаммға байланысты басталғанын көрсетеді.

"Біз әлі де бастан кешіп жатқан екінші толқын бірінші толқын аяқталғанға дейін басталды. Осылайша, үшінші толқын екіншісімен қабаттасуы мүмкін", - деді Мас-Кома.



Ғалым SARS-CoV-2 коронавирус геномында айына бір немесе екі нүктелік мутация жүретінін, бұл тұмау вирусынан аз екенін атап өтті. Алайда, сарапшының пікірінше, қазіргі уақытта жаңа мутация вакциналардың тиімділігіне қалай әсер ететініне жүз пайыз сенімділік жоқ, және бұл мәселені толық зерттеу бірнеше аптаға созылуы мүмкін.

Мас-Команың айтуынша, адамзат вирусқа мойынұсынуды жалғастыруда және вакциналар оның таралуын бәсеңдете ала ма, жоқ па, соны білу ғана қалды.

"Егер олар, ең болмағанда, ауыр жағдайлар мен өлім-жітімді азайтуға көмектесетін болса, онда бұл алға қарай маңызды қадам болады. Біз вакцинацияланған адамдарға қаншалықты жиі қайта егу қажет болатынын және бұл препаратқа байланысты өзгере ме, жоқ па, соны анықтауымыз керек", - деді сарапшы. 

Еске салайық, Ұлыбритания билігі коронавирустың жаңа нұсқасы табылғанын 14 желтоқсанда хабарлады. VUI2020/12/01 деп аталатын жаңа штаммның тез таралуына байланысты Ұлыбритания үкіметі 20 желтоқсаннан бастап коронавирусқа қарсы шараларды едәуір күшейтті. Елде қатаң локдаунды жариялады.

Сонымен қатар Бразилия ғалымдары Рио-де-Жанейрода да коронавирустың жаңа штаммын анықтады.

Талқылау