Дастархан үстіне шығып, өнер көрсеткен "Ирина Қайратовна" тобы сынның астында қалды

“Ирина Қайратовна” тобы жаңа альбомын ерекше форматта таныстырды. Алайда кештегі сахналық шешім көпшілікке ұнамай, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде тараған видеода өнерпаздардың зал ортасына қойылған ұзын дастарханның үстімен жүріп, сол жерде өнер көрсеткені байқалады. Топ мүшелері мұны перформанс ретінде ұсынғанымен, көрініс көпшіліктің көңілінен шықпады.
Пікір білдіргендердің басым бөлігі қазақ ұғымында дастарханның орны бөлек екенін жазып жатыр. Себебі дастархан – тек ас қойылатын жер емес, ол үйдің берекесі, қонаққа деген құрмет және отбасылық құндылықтың символы ретінде қабылданады.
Сондықтан желі қолданушыларының бір бөлігі бұл әрекетті ұлттық танымға жат қылық деп бағалады. Олар өнерде жаңашылдық болғанымен, дәстүр мен мәдениетке құрмет сақталуы керек деген пікірде.
ОқыңызАл кейбір көрермендер мұны топтың шығармашылық ізденісі, сахналық образ бен идеяны жеткізу тәсілі ретінде қабылдаған. Дегенмен бұл перформанс қоғамда екіұдай пікір тудырып, көпшіліктің талқысына түсті.
“Дастарханның үстіне шығу дұрыс емес”, “Идея болған шығар, бірақ қазақы түсінікке келмейді”, “Өнер бөлек, ұлттық құндылық бөлек” деген пікірлер жиі жазылып жатыр.
Айта кетейік, “Ирина Қайратовна” тобы ел ішінде ерекше стилімен және батыл шығармашылық шешімдерімен танылған ұжым. Бұған қоса, жуырда топтың мүшесі Respublica партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат болды. Ол – Азамат Марклен. Әнші Қазақстанда медиапродюсер және Producer Media компаниясының негізін қалаушылардың бірі ретінде танылған.
Көкжайлаудағы QR-код жұртты шулатты: Аумаққа кіру ақылы болып кетті ме