"Қате диагноз қойды, таныссыз қабылдамады": Қазақстандықтар медициналық қызметтің сапасыздығына шағымданды

Фото: ЖИ
Қазақстандықтар желіде ауруханада болған келеңсіз жайттармен бөлісіп, медициналық қызметтің сапасыздығына шағымданды. Сөздерінше, ауруханадағы немқұрайлылық пен қате диагноз ауыр салдарға, тіпті өлімге әкелді. Stan.kz редакциясы сапасыз медициналық қызметтен зардап шеккендердің оқиғасын жинақтады.
“МРТ аппараты жоқ, тексерісті кейінге қалдыра берді”
Қазақстандық Жұмағали Идоятов желіде әйелінің оқиғасын баяндап, ауруханадағы жабдықтардың қолжетімді емес екеніне шағымданды. Себебі әйелге дер кезінде МРТ жасалмағандықтан, не болғанын мамандар анықтай алмаған.
19 наурызда оның жұбайының қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем шақыртқан. Олар ЭКГ-дан соң әйелді ауруханаға жеткізіпті. Аурухана дәрігерлері тамырына дәрі салып, содан кейін ЭКГ мен компьютерлік томографияға жіберді. Екі сағаттан кейін “бәрі жақсы” деп үйге жіберді.
“Келесі күні біз медициналық орталыққа кардиологқа қаралу үшін бардық, өйткені қан қысымын өлшеу арқылы Холтерлік бақылаудан өту ұсынылды. Бірақ кардиолог басқа нәрсе ұсынып, Холтерлік тексеру келесі күнге ауыстырылды. Маман бізді эндокринологқа да жіберді. Эндокринологтың қабылдауында әйелім өзін нашар сезінді. Кешке қарай әйелімнің есте сақтау қабілеті нашарлап, зейін қоя алмады, тіпті телефондағы хабарламаларын оқи алмады. Демалыстан кейін кардиологқа барғанымызда, ол әйелімнің кейбір сұрақтарға біртүрлі жауап беріп жатқанын байқады”, – деді ер адам.
Келесі күні әйел ауруханаға жатқызылып, невропатолог желке бөлігінде ишемиялық инсульт анықталғанын айтты. Сөзінше, олар бірнеше күнді босқа жоғалтып алды.
“Әйелім ауруханада, есін жоғалтып, әріпті ұмытты, эндокринолог пен кардиолог жазып берген дәрілерді, белгілі бір уақытта инсулин енгізу керегін ұмытып қалған. Денсаулық сақтау министріне сұрағым бар: ауруханаға МРТ аппаратын сатып алып, адамдарға дұрыс диагнозды бірден қоюға бола ма? Себебі бағалы уақытымызды босқа өткізіп алдық”, – деді ол.
Қате диагноздан адам қайтыс болып кетті
Тағы бір тұрғын мамандардың біліксіздігінен жақынынан айырылғанын айтты. Сөзінше, оқиға карантин шақтарында болды.
“Сол кезде коронавирустың алдын алу үшін барлығына тексермей, жаппай аспирин тағайындалды. Үйге келген медбике де солай істеді. Ол тіпті науқаста қандай да бір сырқаты бар-жоғын білуге тырыспады. Тәтемде асқазан жарасы болды. Мұндай жағдайда қан кетуді жеделдететін дәріні беруге болмайды. Аспирин жараның жарылып, ішкі қан кетуіне әкелді”, – деді әйел.
Айтуынша, олар екі рет жедел жәрдем шақырды. Бірінші келгендер диагноз қоя алмай, мұны коронавирус деп шешкен. Ал екінші топ түнгі 3:00 немесе 4:00 шамасында оны ауруханаға апарды. Алайда әйел онда немқұрайлылыққа тап болғанын мәлімдеді.
“Көмек көрсететін кезекші қызметкер болған жоқ. Тәтем дәлізде кушеткада жатты. Анам дәрігерлерден бірдеңе істеуді өтінді, себебі тәтеміз қан жоғалтып жатты. Алайда олар таңға дейін күтсін деді. Медицина қызметкерлері науқастың қансырап жатқанын көрді. Анам майлықтарды алып, еденге тамшылап жатқан қанды өзі сүртті. Дәрігер шақырылмады. Шамамен төрт сағат бойы тәтем аурухана дәлізінде қансырап, қатты қан жоғалтудан комаға түсіп, ақыры қайтыс болды”, – деді ол.
Сөзінше, мамандар істі тыныш жабу үшін "коронавирус" диагнозын қойды. Алайда ПТР тесті теріс болды дейді.
Қате диагноздан ауру асқынды
Тағы бір қазақстандық қате қойылған диагноздың салдарынан жағдай ушыққанын айтты. Сөзінше, 2024 жылы сіңілісінің аяғына қызыл дақтар шықты. Алайда оның не екенін түсіне алмаған.
“Ауырсынып, шаршайтынын айтқан соң, тіркелген емханадағы терапевтке бардық. Ол дерматологқа жіберді. Ал дерматолог “аллергия” деп, 10 күнге дәрі-дәрмек жазып берді. Дәрі салдырып, дақтарына мазь жағып, емін жасады. Бірақ күн өткен сайын дақтар көбейіп жатты. Ем аяқталғанда әсері болатын шығар деп жүрдік. Бірақ бір күні бір сәтте денесіне қаптап, кеудесіне, арқасына дейін қызарып кетті. Аяғы ісіп, баса алмай қалды. Үйге жедел жәрдем шақырдық. Ол ауырсынуды басатын ине салып, дерматологқа қайта баруы керек деп кетті”, – деді тұрғын.
Алайда облыстық ауруханада бұл жай аллергия емес, қан-тамыр ауруының бір түрі болуы мүмкін екенін айтты. Сөйтіп геморрагиялық васкулит диагнозы екенін анықтады. Геморрагиялық васкулит (Шенлейн-Генох пурпурасы) — терінің, буындардың, ішек-қарын және бүйрек тамырларының қабынып (асептикалық), микротромбтар түзілетін инфекциялық-аллергиялық ауру. Аяқ-қолда бөртпелер шығып, буын ауырады, бүйрек зақымданады.
“Ревматолог қызыл дақ бауыр мен бүйрекке шығып, ішкі органдарға өтіп кетіп кеткенін айтты. Шұғыл химиялық дәрі екті. 25 күндей ауруханада ем алып шықты. Қазір есепте тұр. Ай сайын, кейде 3 айда бір анализ тапсырып тұрады. Нәтижесіне қарай дәрінің дозаларын өзгертіп, қабылдап отырады. Терапевт белгілі бір анализдерді тапсыртуы керек еді. Дерматолог аллергияның түрін ажырата алмаған соң, ауруын асқындырып алдық. Қажетсіз ем алдық. Тамырлары жарылып, ішкі мүшелерде қан кетуі мүмкін еді”, – деді ол.
Енді қыз тұрақты түрде ем алу керек.
“Міндетті түрде таныс-тамырды қосу керек”
Тағы бір қазақстандық елдегі медицина жүйесінің ыңғайсыздығына шағымданды. Сөзінше, Damumed жүйесі жақсы жасалғанымен, шын мәнінде ол жұмыс істемейді. Ол анасын қарату үшін барлық анализ қорытындыларын өзімен алып жүруге мәжбүр екенін айтады. Себебі көп жағдайда дәрігерлер оны қабылдамауға сылтау іздейді екен.
“Бәрі 2022 жылдың күзінде басталды. Анам онкологиялық клиникада тіркелген, бірақ ремиссияда болды. Бір кезде ол күрт әлсірей бастады. Мен оның гемоглобині өте төмен екенін көріп, онкологтан рецепт жазып беруін сұрадым. Алайда дәрігер бұған құқығы жоқ екенін айтып, мені кәдімгі клиникадағы жалпы тәжірибе дәрігеріне жібереді. Осыдан кейін барып темір қабылдады. Бірақ анамның жағдайы нашарлады. Бір күні ол әлсіздіктен құлап, есікті аша алмайтын халге жетті. Жедел жәрдем шақырдық, бізді ауруханаға апарды, рентгенге түсірді, дәрі егіп, қайтадан үйге жіберді. Алайда жағдайы мүлдем асқынып кетті. Мен қайтадан жедел жәрдем шақырдым, олар бізді қалалық клиникалық ауруханаға алып кетті. Ол мүгедектер арбасында отырып қалды. Ал жедел жәрдем бөліміндегі дәрігерлер анамды онкологиялық орталыққа апаруды талап етті”, – деді тұрғын.
Алайда онда жедел жәрдем бөлімі жоқ. Қаралу үшін бірнеше күн бұрын жазылу қажет. Түнде барғанымен, қайтадан жедел жәрдемге жіберетін көрінеді.
“Гематолог келді, бірақ ол зейнеткер анама қан құюға болмайтынын айтты. Түсінгенім егде жастағы науқас үшін ешкім жауапкершілік алғысы келмеді. Уақытты босқа өткізіп жатқанымызды түсініп, БАҚ-та істейтін досыма қоңырау шалдым. Сол қоңыраудан кейін жағдай өзгеріп, анамды дереу тексеріп, ауруханаға жатқызды. Байланыссыз негізгі көмек алу мүмкін емес екені белгілі болды”, – деді ол.
Сөзінше, ұқсас жайт тағы қайталанды. Анасының өкпесіне сұйықтық жинала бастаған. Жергілікті жедел жәрдем көлігі келіп, оны аудандық ауруханаға апарды, бірақ олар оны жатқызудан бас тартты.
“Алматыда тіркелгендіктен, оны қалаға апаруымыз керек екен. Мен анамды көлігіме отырғызып, ауруханаға апардым. Бұрынғы жағдай еске түсіп, баспасөз хатшысына қоңырау шалып, жағдайды түсіндірдім. "Оны өзіңіз алып келмеңіз. Бір жерге тоқтап, жедел жәрдем шақырыңыз, сонда топ сізді алып кетеді" деді. Сонда бұл нұсқау неге керек? Одан да жедел жәрдем расымен келе алмаған жандарға барғаны дұрыс емес пе?! Біздің жүйеміз осылай жұмыс істейді. Цифрлық дерекқорлар пайдасыз, ауруханалар мен емханалар арасында байланыс жоқ, нұсқаулар ыңғайсыз түрде автоматтандырылған, ал дәрігерлер пациенттерден қашқақтайды. Ал жақыныңызды құтқару үшін таныс-тамырды қосуыңыз керек”, – деді әйел.
“Басқа саланың дәрігері емдеді”
Қазақстандық қыз да әпкесін невропатолог емес, педиатр емдегенін айтады. Ол маман жетіспеушілігі елдегі медицина сапасына әсер етеді дейді.
“Таңда әпкемнің қан қысымы көтеріліп, сөйлей алмай, басы қатты ауырып, жатып қалды. Үйде жалғыз болған еді. Медбике болып жұмыс істейтін туысымызға хабарласып, көмек сұрап үлгерген. Жедел жәрдем келіп, алғашқы көмек көрсетті. КТ-ға екі күн қатарынан түсірсе де, инсульт алғаны көрінбеген. Нақты диагноз қоя алмапты Біз сол кезде дәрігердің невропатолог емес, педиатр екенін білдік. Айтуынша, ауруханада маман болмаған соң, ол осы қызметті атқарып жүр. Өзінің неврология меңгерушісі екенін айтты”, – деді ол.
Салдарынан туысының жақ аяғы мен қолы істемей, сөйлеу қабілеті бұзылған. Алғашқы 2-3 күн мүлде жүре алмай қалыпты. Үш күндей қан қысымы түспей, жағдайы одан сайын ауырлай берген. Содан облыстық денсаулық басқармасынан невропатолог шақыртыпты.
“Сол кісі келіп, нақты диагнозды қойып, емді тағайындады. Осы кезде ишемиялық инсульт алғанын, ал емдеуші дәрігердің дұрыс ем тағайындамағанын айтты. Науқастың инсульт алғанын 4 күннен соң ғана нақты айтты. Протоколдары қате, дұрыс емес толтырылғанын білдік”, – деді тұрғын.
Қазақстандықтар медицинада кеңінен тараған олқылықтарды реттеуді сұрайды. Өйткені оның зардабынан қарапайым жандар қиналуда.
Өрт сөндіргіш, дәрі қобдишасы, апат белгісі: 2026 жылы Қазақстанда көлікте қандай заттар болуы керек