Дәрігерлер танымал Дубай шоколадының денсаулыққа қауіпті екенін ескертті
Бұл тәтті соңғы бірнеше айда нағыз хитке айналды. Дубай шоколадын блогерлер мен атақты адамдар мақтап, бұдан дәмді ешнәрсе жеп көрмегенін айтады. Алайда дәрігерлер бұл тәттінің тек артық салмаққа ғана емес, жалпы денсаулыққа да зиян екенін ескертіп жатыр. Оның құрамын және денсаулыққа қалай әсер ететінін "Доктор Питер" сарапшылармен бірге зерттеп көрді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ozon.ru
Танымал тәтті қолдан жасалады. Оның құрамында бельгиялық сүтті шоколад, фисташка немесе күнжіт пастасы, катаифи қамыры бар. Соңғы өнім бастапқыда Шығыста қолданылған, қамыр өте жіңішке ақ жіптер тәрізді шиеленіскен күйде болады. Оның құрамына әдеттегі ингредиенттер кіреді: су, тұз, ұн және тауық жұмыртқасы.
"Тәтті паста мен шоколад, оған қоса қамыр – бұл нағыз көмірсу бомбасы сияқты естіледі. Мұндай өнім денсаулыққа зиян болуы мүмкін", – дейді дәрігер-токсиколог Михаил Кутушов.
Фисташка пастасы мен катаифи қамырынан басқа шоколадтың құрамында экзотикалық жемістер, жаңғақтар, дәмдеуіштер, сүт өнімдері, сондай-ақ бояғыштар мен консерванттар жиі кездеседі. Мұның бәрі десертті өте калориялы етеді, ал кейбір ингредиенттер аллергия тудырады.
"Өкінішке қарай, танымал десертті жегеннен кейін бір қыздың аузы қыши бастаған. Бірнеше секундтан соң ол қатты тұншығып, жөтеліп, денесі қышып, көзі ісініп, ақырында есін жоғалта бастаған. Квинке ісігін тудырған нақты ингредиентті айту қиын, бірақ бұл жағдай құрамын білмейтін шоколадты бақылаусыз тұтынудың қаупін айқын көрсетеді", – деп атап өтті дәрігер.
Тіпті ерекше тәтті аллергиялық реакция тудырмаса да, адамның асқазан-ішек жолдарына қиындықтар тудыруы мүмкін.
Дәрігерлердің айтуынша, Дубай шоколадында калория мен майдың мөлшері көп. Себебі бұл диарея, асқазан қыжылы және іштің кебуі сияқты мәселелерге әкеледі. Сонымен қатар егер осындай тәттілерді жиі тұтынсаңыз, салмақ мәселесінен қашып құтыла алмайсыз. Семіздік қаупі артып, шоколадтағы қанттың жоғары концентрациясы қант диабеті бар адамдардың денсаулығын нашарлатады.
Эксперт катаифи қамыры көп мөлшерде майға қуырылып дайындалатынын және оның калориясын одан әрі арттыратынын айтты. Бұған қоса, өндірушілер жиі қолданатын ингредиенттердің сапасын жасыруы мүмкін. Яғни қамыр, шоколад және паста сапасыз болуы ықтимал. Сондай-ақ бояғыштар мен консерванттарды ұмытпау керек.
Асқазан-ішек жолдарының мәселелері мен анафилактикалық шоктан басқа, көмірсулар мен қанттың осындай мөлшері ұйқы безі бұзылып, өт қабындағы мәселелері өршіп кетеді. Бұл әсіресе өтінде тасы бар адамдар үшін қауіпті холециститті қоздыруы ықтимал.
"Жаңғақтар мен тұқымдарға үйренбеген адамдар жедел жәрдем шақырып, тыныс алу қиындағанын және қатты ісіну болғанын айтып, шағымданып жатыр. Өйткені олар аллергиясы бар екенін білмеген", – деді терапевт Наталья Зубарева.
Михаил Кутушовтың айтуынша, егер адам бұл шоколадты сынап көргісі келсе, мына нәрселерге назар аударуы қажет. Біріншіден, десерттің құрамында болуы мүмкін аллергендерді тексеру керек. Екіншіден, қышу, қыжыл, ентігу немесе басқа да жағымсыз белгілер пайда болса, дереу дәрігерге жүгіну керек. Жағдайдың себебін анықтап, тиісті ем қабылдаған жөн.
Зубарева өз кезегінде, бұл десертті ұнататын адамдарға оны үйде дайындауды ұсынады. Осылайша, катаифи қамырының сапасын таңдап, фисташка пастасын азайтып, сүтті шоколадтың орнына ащы шоколад қосуға болады. Мұның бәрі тағамның калориясын азайтып, тәттіге құмар жандарды қауіпті салдарлардан сақтауға мүмкіндік береді.
Еске салайық, бұған дейін елорда полицейлері қазір трендке айналған Дубай шоколадын интернетте жарнамалаған алаяқтарды анықтағанын жаздық. Жергілікті тұрғындардың бірі алаяқтармен хат алмасып, төлем мен жеткізу жолдарын талқылап, шамамен 15 мың теңгеге бір плитка шоколадқа тапсырыс берген. Ақшаны банк картасына аударғаннан кейін алаяқтар оны бұғаттап тастаған. Жәбірленуші алданғанын түсінген соң полицияға жүгінген. Осындай шағыммен бес жәбірленуші жүгінген.